Әкімдер мен министрлер ауысса, өзімен бірге 30-40 адамды ала келеді – депутат

«Мемлекеттік қызмет туралы» заң жобасы қаралған Мәжіліс отырысында депутат Бақытжан Базарбек командалық ауыс-түйіске үш жылдық мораторий енгізуді ұсынды.

ҚР Парламент Мәжілісі

Астана, NEGE. Депутаттың ұсынысы бойынша, жаңа тағайындалған әкім-қаралар үш жыл бойы бұрынғы командамен жұмыс істеуі керек.

«Он жылдан бері командалық ауыс-түйісті айтып келеміз. Әкімдер мен министрлер ауысса, өзімен бірге 30-40 адамды ала келеді. Командалық ауыс-түйісті тоқтату керек. Бұған кемінде үш жыл мораторий енгізілуі керек. Министр де, әкім де тағайындалғаннан кейін үш жыл бойы бұрынғы командамен жұмыс істеуі тиіс», – деді Бақытжан Базарбек.

Сондай-ақ мәжілісмен мемлекеттік қызметшілерге кітап оқуға жағдай жасау үшін әр аптаның жұма күнін «ағарту күні» деп белгілеуді ұсынды.

«Біз кітап оқитын емес, әлеуметтік желіні көп қолданатын ұлтқа айналып бара жатырмыз. Болашақта әр аптаның жұма күнін "ағарту күні", яғни "шығармашылық күн" деп белгілеуді ұсынамын. Ол күні ешқандай құжаттама, ешқандай тапсырма болмауы керек. Сол күні мемлекеттік қызметшілерді жұмыстан босату керек, олар кітапханадан кітап оқуы керек.

Макиавелли мен Абайды оқыған мемлекеттік қызметші халықпен дұрыс жұмыс істей алады», – деп түсіндірді бұл ұсынысын Бақытжан Базарбек.

Бұған қоса, депутат жаңа заң жобасына атүсті жауап беретін мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейтетін нормаларды, әкімнің есебіне көңілі толмаса, халықтың есепті қабылдамау тетіктерін, жоғары лауазымды тұлғаның кінәлілік презумциясын енгізуді ұсынды.

Айта кетейік, бүгін мәжіліс депутаттары «Мемлекеттік қызмет туралы» заң жобасының жаңа редакциясын бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңа редакцияда есірткі, психотроптық заттарды медициналық емес мақсатта қолдану және масаң күйде көлік жүргізу сияқты әрекеттер мемлекеттік қызметтің абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін теріс қылықтар ретінде айқындалмақ.

Қазір оқып жатыр

«ҚазАвтоЖол» операторы филиалының бұрынғы басшысы сотталды

20 наурызда Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтеді

Балабақша мен мектептерде наурызкөже әкелуге тыйым салынды

ҚазТАГ басшысы Әсет Матаев ұсталды