3 декабря 2025 г. 11:15

«Ақталатын жағдайым жоқ»: Әлназарова ұшақтағы оқиғаға қатысты пікір білдірді

Фото: Скрин

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ұшақтағы оқиғаға қатысты журналистердің сұрағына жауап берді.

Астана, NEGE. Мәжілістің кулуарында БАҚ өкілдері министрден: «Ұшақта көрсеткен медициналық көмегіңіз әлеуметтік желіде күмән тудырып жатыр. Оқиғаны растай аласыз ба?» деп сұрады. Ақмарал Әлназарова бұның қойылым емес екенін айтты. 

«Өкінішке қарай, түрлі күмәндар айтылып жатыр. Бұл маған көмектесуге тура келген алғашқы жағдай емес. Тек бірінші рет біреу оны әлеуметтік желіге жариялап жіберген сияқты. Әуеде жолаушының қан қысымы көтеріліп, құсу белгілері байқалған кезде экипаж «Дәрігер бар ма?» деп сұрады. Сол сәтте орнымнан тұрып, дереу көмек көрсеттім. Менің орнымда кез келген дәрігер дәл солай жасайды деп ойлаймын. Сондықтан бұдан аса бір күмән тудыратын дүние көріп тұрған жоқпын», – деді министр.

Сондай-ақ, Әлназарова оқиғаны PR үшін жасады деген пікірлерге де жауап берді.

«Әр адамның өз пікірі бар, оларға әсер ете алмаймын. Мен өз парызымды орындадым. Ешкімнің алдында ақталатын жағдайым жоқ», – деді ол.

Еске салайық, Астана–Алматы бағытындағы КС 622 таңғы рейсінде министрдің денсаулығы күрт нашарлаған жолаушыға шұғыл көмек көрсеткені туралы видеожазба таралған еді.