«Әкім келер алдындағы көзбояушылық»: Ақмола облысында жолшылар асфальтты бояғаны рас па?
Желіде Ақмола облысының тұрғыны Красный Яр ауылында жұмысшылардың жаңадан төселген асфальтты «бояп» жатқан сәтінен видео жариялады. Оның пайымынша, жергілікті әкімдік облыс әкімі Марат Ахметжановтың Құрылысшылар күніне орай ауылға сапары қарсаңында осындай «көзбояушылыққа» барған болуы мүмкін.
Астана, NEGE. Красный Яр ауылдық округі әкімдігі «асфальт боялды» деген пікірді теріске шығарып, асфальтбетон жабынындағы жекелеген ақауларды жою мақсатында «Силкоут» қорғаныш материалы жағылғанын мәлімдеді.
Интернациональная көшесіндегі асфальтты 2026 жылдың маусым айында «Бетон Север» ЖШС төсеген. Кейін зертханалық тексеру барысында кемшіліктер анықталып, мердігерге жол жабынын өз қаражаты есебінен арнайы қорғаныш материалымен өңдеу міндеттелген.
Әкімдіктің мәліметінше, бұл құрам асфальттағы ұсақ жарықтар мен қуыстарды толтырып, оны ылғалдан, күн сәулесінен және температураның күрт ауытқуынан қорғайды. Мердігерге әзірге төлем жасалмаған. Жұмыстарды түпкілікті қабылдау және мердігерге төлем барлық анықталған ескертулер жойылып, Ұлттық жол активтері сапасы орталығының оң қорытындысы алынғаннан кейін ғана төленбек.