Ақкенженов: «ЖЭО-лар қысқы жүктемеге шыдайды»

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов биыл қыста электр энергиясын тұтыну 3 пайызға артса да, Қазақстанның жылу электр орталықтары оған дайын екенін мәлімдеді. 

Алматы әкімдігі

Астана, NEGE. Министрдің мәліметінше, келесі жылы елде электр энергиясының профициті 1,5 млрд кВт/сағатқа жетпек.

Ақкенженовтің айтуынша, энергетикалық нысандардағы апат санын азайту және ЖЭО жұмысының сапасын жақсарту бағытында бірқатар жұмыс атқарылған. Сол себепті жылу электр орталықтары артық жүктемеге шыдайды. 

«Шыдайды. Биылғы қысқы маусымда электр энергиясын тұтынудың ең жоғары деңгейі 18 200 МВт болады деп күтіп отырмыз. Қазір станциялар штаттық режимде жұмыс істеп тұр», – деді министр.

Сондай-ақ ол Қазақстан соңғы екі күнде Ресейге электр энергиясын жеткізіп жатқанын айтты. Министрдің сөзінше, алдыңғы күні Ресейге 120 МВт, кеше шамамен 80 МВт электр энергиясы берілген.

Ақкенженов мұны Қазақстанның кешкі ең жоғары жүктеме кезінде де өзін электр энергиясымен қамтамасыз ете алатынының белгісі ретінде атады.