Ақын Ербол Бықыбаев терроризмді насихаттады деген күдікпен ұсталды

Тараз қаласында полицейлер ақын Ербол Бықыбаевты ұстады. Ол терроризмді насихаттады деген күдікке ілінді.

Ербол Былықбаевтың Instagram-парақшасынан скрин

Астана, NEGE. Бұл туралы заңгер Дәулетхан Ахметов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

«Тараз қаласында Ербол Бықыбаев ақынды қамауға алыпты. Қылмыстық кодекстің 256-бабының екінші бөлігімен, яғни терроризмді насихаттау бойынша күдікпен ұстап отыр. Бұл бап бойынша жаза өте ауыр. Жеті жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – деді заңгер.

Заңгер ақынның ұсталуына әлеуметтік желіде тараған видеоролик себеп болуы мүмкін екенін айтты.

Видеода Ербол Бықыбаев пайғамбар мен Аллаға тіл тигізген адамдарға қатысты қатал пікір білдірген. Ол тіпті мұндай адамдарды өлтірген жағдайда да өкінбейтінін айтқан.

Ербол Бықыбаев әлеуметтік желіде өткір өлеңдерімен танылған. Ол әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды, соның ішінде Шерзат Полаттың ісін шығармашылығына арқау еткен.

Адвокаттың сөзінше, ақын 48 сағатқа дейін ұсталған. Одан кейін оған қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі тергеу сотында қаралуы мүмкін.