16 января 2026 г. 9:00

«Ақылды адам»: Лукошенко Тоқаевтың қытай тілін жетік білетінін мақтады

Фото: Ақорда

Беларусь президенті Александр Лукашенко қарамағындағыларға Қасым-Жомарт Тоқаевтың қытай тілін жетік білетінін үлгі етті.

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Белорус президентінің индустриалды парк басшысы етіп тағайындалған Татьяна Харлапты қабылдаған кезінде айтылған. Telegrem-дағы «Пул первого» арнасы екеуара болған диалогтан үзінді жариялады.

Лукашенко Харлапқа жұмысында қытай тілін білу маңызды екенін айтып, одан: «Консул болып жүрген кезіңізде қытай тілін үйрендіңіз бе?» деп сұрайды.

Харлап қытай тілі өте қиын тіл екенін айтып жауап береді.

Осы кезде Лукашенко Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен болған әңгімені есіне алып, бұл тілді жетік меңгерген Тоқаевты мақтап өтеді.

«Си Цзиньпинмен отбасылық жағдайда кездескенім есімде. Ол қытай тілін үйренуде ең бастысы  одан қорықпау керек екенін айтты. Өйткені біз қорқамыз, иероглифтерді салу үшін суретші болу керек сияқты көрінеді. Ең бастысы – қорықпау.

Қазақстанның президенті Тоқаев аудармашы болып жұмыс істеген, қытай тілін жетік біледі. Қазақстанның президенті – ақылды адам. Үйренді ғой, демек, үйренуге болады», – дейді Лукашенко.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 1975 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген. КСРО-ның Қытай Халық Республикасындағы елшілігінде диплом алдындағы тағылымдамадан өткен. 1983-1984 жылдар аралығында Бейжің лингвистика институтында тағылымдамадан өткен. Кейін Кеңес Одағының Қытай Халық Республикасындағы елшілігінде қызмет атқарған.