Ақаев қырғызстандықтардан кешірім сұрады
Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаев видео жариялады.
Алматы, NEGE. Қырғызстанның экс-президенті «Кұмтөр» жобасына қатысты іс бойынша тергеумен байланыс үзбейтінін мәлімдеді Ол «Құмтөр» жобасын жүзеге асыруда жіберген қателігі үшін кешірім сұрады. Отанына оралған сәттен бастап тергеушілер күн сайын Ақаевтан жауап алды. Оның айтуынша, Қырғызстан «Құмтөр» жобасынан әлдеқайда көп экономикалық табыс түседі деп болжаған.
«Өкінішке қарай, олай болмады. «Құмтөр» бойынша басты келісімге қол қойылған күннен бастап канадалық тарап мүддесіне басымдық берілді. Біздің ұлттық мүддеміз ескерілмеді», – деді Ақаев. 1992 жылдың желтоқсан айында канадалық Camecо корпорациясымен «Құмтөр» бойынша алғашқы бас келісімге қол қойылған болатын. Қырғызстан шетелдік тарапты салықтан босатты. Олар табиғи ресурсты пайдаланғаны үшін де салық төлеген жоқ. «Бұл тек үкіметтің ғана емес, сол кездегі мемлекет басшы ретіндегі менің де қателігім. Мен үкіметке толықтай сендім. Құрметті қырғызстандықтар, қателігім үшін кешірім сұраймын. Бұл жоба бойынша халықтың үмітін ақтамадым», – деді Ақаев.