«Ақ үйде досыңыз бар деп айта аламын»: Тоқаев Трамптың арнайы өкілімен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Горды қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Ақорда

Астана, NEGE. Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Америка Құрама Штаттарымен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

«Біз өзекті мәселелерді кеңінен талқылауға мүмкіндік туғанын оң бағалаймыз. Әсіресе, аса маңызды минералдар бойынша C5 1 диалогына қатысуыңызды құптаймыз. Бұл Құрама Штаттардың Қазақстанмен және бүкіл Орталық Азиямен ынтымақтастыққа стратегиялық тұрғыдан мән беретінін көрсетеді. Сондай-ақ Сіздің екіжақты байланыстарды дамытуға қосқан үлесіңізді атап өткім келеді. Қазақстан Америка Құрама Штаттарымен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі арттыруға мүдделі», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трампқа ыстық ықыласын жеткізіп, онымен жыл соңына қарай кездесуі мүмкін екенін жеткізді. Сонымен бірге АҚШ басшысының Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысуға шақырғаны үшін алғыс білдірді.

Серджио Гор Қасым-Жомарт Тоқаевқа Президент Дональд Трамптың сәлемін жеткізді.

«Сіздің Ақ үйде досыңыз бар деп сеніммен айта аламын. Президент Трамп қызметіңізді айрықша бағалайды. Біз елдеріміздің мүддесі үшін өзара тиімді шешімдер іздеуге ұмтыламыз. Мұны АҚШ пен аймақ елдері арасындағы қарым-қатынастың қарқыны дәлелдейді. Кейінгі жылдың өзінде 20 миллиард доллардан аса сомаға келісім жасалды. Бұл әлі бастауы ғана екеніне сенімдімін, – деді арнайы өкіл.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серджио Гор бірлескен сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды іске асыру, аса маңызды минералдар, көлік-логистика, цифрландыру салаларындағы ықпалдастық перспективаларын талқылады.