Ақ халаттыларды қорғауға бағытталған заңнамалық өзгерістер күшіне енді
2026 жылғы 7 наурыздан бастап Қазақстанда медицина қызметкерлеріне қатысты күш қолдану мен қорқыту әрекеттері үшін жауапкершілікті күшейтетін заңнамалық өзгерістер күшіне енді.
Астана, NEGE. Жаңа нормалар медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел жәрдем бригадалары жүргізушілерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұғу деректері үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейді. Осы мақсатта Қылмыстық кодекске арнайы жаңа бап енгізілді.
Енді медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадаларының жүргізушілеріне күш қолданамын деп қорқытқаны үшін 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту көзделеді. Сондай-ақ 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған. Ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қолданылады.
Ал медицина қызметкеріне өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін күш қолданылған жағдайда 500-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылған.
Егер медицина қызметкерінің өмірі мен денсаулығына қауіпті әрекет жасалса, кінәлі адам 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал бұл әрекет ауырлататын жағдайларда жасалса, жаза мерзімі 7 жылдан 12 жылға дейін ұлғаяды.
Заңнамалық өзгерістермен қатар медициналық ұйымдардағы қауіпсіздік шаралары да күшейтіледі. Орта мерзімді кезеңде елімізде 2,1 мыңнан астам фельдшер бейнежетондармен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар 636 қабылдау бөлімшесіне дабыл түймелері орнатылып, бейнебақылау жүйелері интеллектуалды аналитикамен біріктіріледі.
Бұдан бөлек, елдегі 152 стационарда тәулік бойы жұмыс істейтін полиция бекеттерінің қызметі ұйымдастырылмақ.
Ресми деректерге сәйкес, 2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, медбикелерге және денсаулық сақтау саласының өзге де қызметкерлеріне қатысты 280-нен астам шабуыл жасау дерегі тіркелген.