15 сентября 2025 г. 13:22

«Ақ бидай-2025» ауыл спорты ойындары басталды

Фото: Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы

2025 жылғы 14 қыркүйекте Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты «Үшқоңыр» спорт кешенінде VIII республикалық «Ақ бидай-2025» ауыл спорты ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Алматы, NEGE. Аталған шараға еліміздің 17 облысынан келген командалар қатысып, салтанатты шерумен жүріп өтті. Рәсім барысында «Ақ бидай» ойындарының ресми жалауы көтерілді.

Төрт жылда бір рет өтетін республикалық спорттық жобаға биыл 2000-ға жуық спортшы қатысуда. Олар командалық және жекелей сындарда 20 спорт түрі бойынша өзара бақ сынасып, мықтыны анықтайды.

Әр өңірдің командасы аудандық деңгейде жыл сайын ұйымдастырылатын «Ақ бидай» іріктеу сайыстары арқылы таңдалып, республикалық кезеңде өз өңірінің намысын қорғайды.

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Әбдірахым Нұрлан Ерғалиұлы өзінің құттықтауында: «Ауыл спортын дәріптейтін, салауатты өмір салтын насихаттайтын дәстүрлі «Ақ бидай» спартакиадасының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!

    Бұл дода – елдің түкпір-түкпірінен келген ауыл спортшыларын бір арнаға тоғыстырып, шеберлік пен достықтың, бірлік пен ынтымақтың символына айналған ауқымды шара. Биыл жарысқа 2000-ға жуық спортшы қатысып отыр. Бұл ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығының артқанын көрсетеді.

Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы

 Алматы облысында бұқаралық спортты дамыту – басты басымдықтың бірі. Бүгінде 25 мыңнан астам спортшы 67 спорт түрімен тұрақты айналысады. Соңғы жылдары облыста жаңа спорт нысандары салынып, халықаралық деңгейдегі футбол академиясы ашылды. Мұның барлығы – жас спортшыларға қолдау көрсетудің, болашақ чемпиондарға жол ашудың нақты нәтижесі. «Ақ бидай» – тек жарыс емес, бұл – ауылдан шыққан дарынды жастарды танытатын үлкен алаң», – деді.

Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ақжүрек Таңатаров: «Ақ бидай-2025» республикалық ауыл спорт ойындары – ауыл жастарына арналған үлкен мүмкіндік. Ауылдан шыққан көптеген чемпиондар бүгінде ел намысын қорғап жүр. Бұл дода – сол рухты жалғастырушы алаң», – деді.