5 июля 2021 г. 10:22

Айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова өмірден озды

Фото:

Белгілі айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова өмірден озды. 

Алматы, NEGE. Бұл туралы ақын Бауыржан Халиолла Фейсбуктегі парақшасында жазды.

«Төбемізге жай түскендей қаралы хабар... Ажал деген көзсіз мерген адам талғамайды екен ғой... Күні кеше ғана абыройыңыз асқақтап, мерейіңіз тасып, сәбише жымиып ортамызда отыр едіңіз. Сіз де бақиға бет түзепсіз!!! Жүрек сыздап, көңіл боздағанмен Алладан пәрмен болды, біз көндік. Бәріне көніп келе жатқан басымыз бұл қасіретті де таң атпай шарасыз қабылдап отыр... Қош, аяулы Әселхан апа!!! Қош, қазақ айтысының алып бәйтерегі. Барша жырсүйер жұртшылыққа көңіл айтамын!», - деді ол. 

Әселхан Қалыбекова 1950 жылы 22 сәуірде Түркістан облысы, Отырар мауданы, Шәуілдір ауылында өмірге келген. Қазақ КСР-нің халық ақыны, Отырар ауданының Құрметті азаматы. Әселхан Қалыбекова белгілі халық ақыны Ергөбек Құттыбайұлының ұрпағы.

1966 жылы Көксарай елді мекеніндегі М. Әуезов атындағы орта мектебін бітірген. 1970 жылдары аудандық мәдениет бөлімінде, аудандық газет редакциясында қызмет етті. 1971-91 жылдары аралығында аудандық ауа райы мекемесінде бақылаушы қызметін атқарған. 1981-1982 жылдары суырып салма айтыс ақындарының додасына қатыса бастады.

Әселханның айтыс өнеріне қосқан үлгі-өнегесі мол. Ақын апа айтыс әлемінде алып самұрыққа ұқсайтын, қанатымен дауыл тұрғызып, екпінімен найзағай ойнататын, елінің ең сүйікті перзентіне айналған. Республикамызға танымал белгілі ақындардың бәрімен кездесіп, аймақтық, республикалық, халықаралық көптеген дүбірлі айтыстарда намысты қолдан бермеген, от ауызды орақ тілді, арқалы ақын.

Тегтер: