16 февраля 2026 г. 17:23

Air Astana ұшағы кері қайтып, Бастаның Ташкенттегі концерті өтпей қалды

Фото: instagram.com/bastaakanoggano

Ресейлік әнші Василий Вакуленко желідегі парақшасында Өзбекстандағы 15 ақпанға жоспарланған концерттің кейінге ауыстырылғанын хабарлады. Бұған Air Astana ұшағының Ташкентке қонбай, кері қайтып кеткені себеп болған.

Астана, NEGE. Баста 14 ақпанда Алматыда концерт беріп, бірден Өзбекстанға қарай ұшып шыққан. Алайда рейс Ташкентке жете бергенде кері қайтып кеткен. 

«Сәлем, Ташкент! Қазір Алматыдан Бішкекке кетіп бара жатырмын. Концертті (Ташкенттегі – ред.) сейсенбі, 17 ақпанға ауыстырамыз. Өйткені сіздерге, өкінішке қарай, басқаша жете алмаймыз. Түсіністікпен қарайыздар деп үміттенімін. Сондықтан sorry. Маған қатысы жоқ себеппен басқа бағытпен жүруге тура келіп тұр. Сіздеге 17-сі жету үшін бағытты шұғыл өзгерттік. Ұшақты не себепті кері бұрғаны белгісіз», – дейді ол Instagram желісінде жарияланған видео-үндеуінде.

Әншінің Өзбекстан астанасына Air Astana ұшағымен ұшып шыққаны мәлім болды. Әуекомпания рейстің кері қайтарылғанын растады. 

«Алматы–Ташкент KC 127 рейсі техникалық ақауға байланысты әуеден қайтарылды. Әуе кемесі 15 ақпан күні сағат 14:37-де қалыпты жағдайда қонды», – деп хабарлады әуе компаниясы өкілдері. 

Компания мәліметінше, ұшақ ауыстырылып, 18:46-да Өзбекстанға қайта ұшып кеткен.