1 апреля 2022 г. 17:02

Аймағамбетов ресейлік университетті НЕГЕ қорғап отыр?

Фото:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ» бағдарламасы бойынша бұдан былай жастар Ресейдің техникалық университеттерінде білім алатынын айтқан болатын. Көп ұзамай «Болашақ» бағдарламасы орталығының президенті Әнуар Жанғозин қазақ жастары білім алатын ресейлік 6 универсиеттің тізімін жариялады.

Бір қызығы, билік ұсынған тізімдегі университеттер әлемдік рейтингте ең төменгі орындарда. Nege.kz тілшісі осы мәселені Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке қойған еді.

– «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемдік рейтингте 1202 және 1319-орында тұрған ресейлік универсиеттері таңдалған екен. Бұл оқу орындарын таңдауға не себеп? Мысалы Қаныш Сәтпаев университеті мыңдыққа кіреді...

Рейтингі төмен университеттер тізімде жоқ. Оны өздеріңіз тізімнен қарауларыңызға болады. Оларды таңдаудың тиісті өз критерийлері бар. Соған сәйкес жұмыс жүргізіледі. Екі жүзден астам университет бар. Соның барлығын бір мемлекет емес, барлығы бойынша зерттеу жүргізіп көрсеңіз болады.

Айталық, Ұлттық зерттеу техникалық университеті әлемдік рейтингте – 1319, ал Ресейде 22-орында, Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті әлемдік рейтингте – 1202, ал Ресейде 21-орында екен...

Жоқ, рейтингтермен жұмыс істей білу керек. Әр түрлі рейтингтер бар. Қазақстанда кейбір рейтингтерді тоқтатып жатырмыз. Бізде олар қалай жұмыс істейді? Мысалы рейтингке қатысатын үш университет болады. Содан кейін ол «Мен үшінші орын алдым» деп айтады. Бұл бірақ көзбояушылық. Сондықтан рейтингтерге де сыни көзқараспен қарау керек.

– Мәселен, Қаныш Сәтпаев университеті мыңдықтың ішіне кіреді. Біз неге әлемдік рейтинг бойынша 1300-орындағы университетті таңдап отырмыз? Бұл бюджеттің ақшасын шашу емес пе? 

Біріншіден, бұл бюджеттің ақшасын шашу емес. Екіншіден, өзіңіз айтып отырған рейтингке талдама жасап көріңіз. Онда біздің Қазақстанның және дүниежүзінің рейтингтері бар. Бұл шешім қабылданды. Бұл шешім бойынша сізге жауап бердім. Басқа жауабым жоқ.

– Демек бұл дұрыс шешім деп ойлайсыз ғой...

Қалай дұрыс шешім деп ойлаймын? АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей және Оңтүстік Кореяның университеттері тізімге енді. Бұл талапкердің жеке таңдауы арқылы шешіледі. Егер ол осы университетті таңдаймын десе, біз оған шектеу қоймауымыз керек. Ол адамның өзінің таңдауы. Мысалы, адамға «Мына дүкенге барасың, мынаған мүлде бармайсың» деп ешкім айтпайды ғой. Сол секілді «Мына университетке барасың немесе бармайсың» деп шектеу қою дұрыс емес деп ойлаймын. Сондықтан да біз оларға таңдау мүмкіндігін кеңейтіп отырмыз.

Тегтер: