11 июня 2023 г. 17:38

Айғаным Амантай: «Болашақта әлемдік аренаны бағындыратын әнші болғым келеді»

Фото:

Өнерлі балалар – болашағымыздың алтын тірегі. «Өнерлі өрге жүзеді»,- дейді халық даналығы. Бүгінде өнерімен талайды таңдай қақтырып, еліміздің атын әлемге танытып жүрген бүлдіршіндеріміз өте көп. Олар еліміздің атын танытып қана қойған жоқ, өнерімен өзгелерге үлгі болып жүр. Сондай өнерлі балалардың бірі, әуезді әуеннің ханшайымы – Айғаным Амантай.

– Айғаным, сұхбатымызды бастамас бұрын өзіңді таныстыра өтсең? Біз білетін әнші Айғанымның ән айтудан өзге қандай сүйікті ісі, ерекше қабілеті бар? 

– Мен Амантай Айғаным 13 жастамын. Астана қаласының тұрғынымын. Дінмұхаммед Қонаев атындағы 66 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысымын. Мен ән айтудан басқа заманауи би билегенді, мұзда сырғанауды, суда жүзуді, ас үйде әртүрлі тамақ пісіргенді жақсы көремін.

– Жалпы, сенің әндеріңді бірнеше жерден тыңдап жүрміз. Өзің өте өнерлісің, өнеріңе барша халық тәнті. Естуімше, 4 жасыңнан бастап ән айтады екенсің. Өнер саласындағы алғашқы қадамдарың қандай байқаулардан басталды? Бұл салаға қалай бет бұрдың?

– Бұл салаға келуіме себепкер – анам. Менің 4 жасымда ыңылдап ән айтып жүргенімді көріп, вокал студиясына апарған. Сол кезімнен бері ән айтып келемін. Алғашқы қатысқан байқауым да осы жасымда басталған. Мен 4 жастан асқан кезде Түркия елінде халықаралық байқаудан бас жүлде алғанмын. Бұл - менің ең алғашқы жүлдем. Сол жеңісімнен кейін менде ән айтуға деген қызығушылық арта түсті.

– Сахнадан шығардан бұрын қобалжуды, қорқынышыңды қалай жеңесің? Алғаш рет сахнаға шыққалы жатқан әнші балаларға қандай кеңес берер едің?

– Иә, шыны керек сахнаға шығардың алдында қобалжу кейде қорқыныш болады. Ол кезде алдымен Алланы есіме аламын. Аят аль-Курси сүресін оқимын. Сонда бір жеңілдік сезінемін. Кішкене секіріп, би билеп те аламын. Өнерге қадам басқалы жатқан балаларға: «Сахнадан қорықпаңыздар, сахнаны жақсы көріңіздер, сахнада ән айтқан кезде сол сахнаның иесі сіздерсіздер, сондықтан сол кішкентай мүмкіндікті қолданып көрерменге бар мүмкіндіктеріңізді көрсетіңіздер!» - дегім келеді.

– Болашақта ән саласының маманы болғың келе ме әлде өзіңді басқа қырыңнан көргің келе ме?

– Болашақта өзімді әлемдік аренаны бағындыратын әнші ретінде көргім келеді.

– Қандай да бір байқауда өнер көрсететін кезде әнді кім таңдап көмектеседі, әлде өзің қалаған әндерді орындайсың ба? Кім жетекшілік етеді? Өнер саласындағы ұстаздарың туралы айта өтсең...

– Ән таңдауда анам мен вокал жетекшім көмектеседі. Әрине, бірінші кезекте ән өзіме ұнауы керек. Мені алғаш 4 жасымнан бастап сахнаға, үлкен бағдарламаларға шығарған – Қарақат Әбілдина апайым. Мен ол кісімен бірге жетігенде ән орындап, ауқымды концерттерде өнер көрсеттім. Ол кісі маған әрдайым: «Сен болашақта эстраданы жаратын әнші боласың. Мен саған сенемін»,- деп маған күш беріп отыратын. Мен сол кезде өзімді жұлдыз сезінетінмін.

«Қарақат» мектеп студиясын бітірген соң, мен әнмен айналысуды «Top Voice» студиясында жалғастырдым. Ол студияда менің мұғалімім, дауысымды қойып, үлкен сайыстарға дайындаған вокалистім – Перизат Ахатқызы. Қазіргі таңда мен екінші өнер мектебінің вокал бөлімінің 3-сынып оқушысымын. Ұстазым – Рая Әбітай.

– Өзің сүйіп тыңдайтын қазақстандық 3 әнші және топ 3 ән? Қандай жанрдағы әуендерді тыңдағанды ұнатасың?

– Сүйіп тыңдайтын қазақстандық 3 әнші: Димаш Құдайберген, Мирас Жүгінісов, Sadraddin. Ал сүйіп тыңдайтын 3 ән: «Ұмытылмас күн» Димаш Құдайберген, «Жұмақ мекен» Гүлсім Мырзабекова, «ANT» Sadraddin. Маған k-pop, лирика жанрындағы әндер ұнайды.

– Парақшаңнан біраз жетістіктеріңді байқап, тәнті болып отырмын. Осы жетістікткерің туралы сөйлесейікші. Жеңіске жеткенде алдымен не ойыңа келеді? Осы жеңістеріңді кімге арнайсың?

Менің жетістіктерім: «Балалар Евровидение - 2021» финалисті, «Аялаған Астана – 2021» гран-при, «Детская новая волна – 2022» лауреат, «IAF- Турция» гран-при, «Роза Востака – Ташкент» 1-орын, «Елбасы әндері-2022» гран-при, «Ұлттық Дельфий ойындары-2023» гран-при, «Самға әуен-2021» гран-при, «Алтын микрофон» лауреат,  «Тәуелсіздік тұғырым-2021» гран-при, «Караоке Кидс Астана-2023» гран-при, «Жарық Жұлдыз-2023» гран-при және жақында Болгария елінің Добрич қаласында 9 елдің арасында өткен «Сарандев-2023» конкурсына Қазақстанның атынан қатысып, 1-орын иелендім. Егер шетелдің байқауында жеңіске жетсем, елім үшін кеудемді мақтаныш кернейді. Жеңісімді еліме және сүйікті отбасыма арнаймын.

– Өнердегі қолдаушы аға-әпкелерің бар ма? Кімдер көбірек қолдау көрсетеді?

– Әрине, бірінші кезекте отбасым қолдау көрсетеді. Ия, көрген жерде өнерімді қолдап, жақсы тілектерін айтып жүретін аға-әпкелерім бар. Олар: Қарақат Әбілдина, Маржан Арапбаева, Жанар Дұғалова, Рухия Байдукенова.

­– Қандай әншімен бірігіп дуэт жазғың келеді?

– Ең алдымен, Димаш Құдайберген, Мирас Жүгінісов, Sadraddinмен дуэт жазғым келеді.

– Сұхбат бергеніңе көп рақмет, Айғаным! Өнерің өрге жүзсін! Тек жеңіс тілейміз!  

Сұхбаттасқан: Әбдіғұл Мейірім Еділқызы

Тегтер: