Әйелімен жанжалдасқан жігіт өшін полицейден алды
Өскемен тұрғыны отбасылық жанжал кезінде итін полицейге айтақтаған,деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаметінің баспасөз қызметі.
Алматы, NEGE. Полицияның мәліметінше, облыс орталығындағы аулалардың бірінде жұбайлар арасында ұрыс-керіс болған. Ер адам жанжал кезінде жұбайының бетінен жұдырықпен салып жіберген.
Әйелі қорыққанынан «102» каналына хабарласқан.
«Аталған мекенжайға екі учаскелік инспектор келген. Олар жұбайларды ажыратпақ болғанда ер адам итін полицейге айтақтаған», – деп түсіндірді ШҚО ПД баспасөз қызметінен.
Ит полицейдің аяғын тістеген, кейін иығынан қапқан. Осы кезде иттің иесі қашып кетпекке әрекеттенеді, бірақ оны қолға түсіріп үлгерген. Итті зардап шегуші тыныштандырған. Сот Өскемен тұрғынын кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығынан айырды.
Ол қаупі жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтейтін болады. Бұдан бөлек, иттің иесі зардап шеккен полицейге 150 мың теңге көлемінде моральдық залал төлеуге міндеттелді.