Әйелдер неге психопаттарға ессіз ғашық болады?
Қанды қол қылмыскерлерді көрсе, ішкен асын жерге қоятын әйелдер көп. «Бұл қалай болғаны?» – деп сауал тастайды Neue Zürcher Zeitung атты Швейцария басылымының журналисі Биргит Шмид.
Алматы, NEGE. «Ол әйелді зорлады, шала жансар күйге түсіріп қорлады, өлтірді, денесін бөлшектеп, теңізге лақтырып тастады. Бұған қарамастан, көп әйелдер оның қасында болғысы келеді. Әңгіме даниялық сүңгуір қайық жасаушы Петер Мадсен туралы болып отыр. Сот 2018 жылы оны өмір бойы бас бостандығынан айырған», – дейді автор.
Мадсен қазір Копенгаген маңындағы қатаң режимдегі түрмеде жазасын өтеп жатыр. Бұл жерге ең қауіпті психопаттар тоғытылған. Десе де, көп әйелдер оған хат жазып, кездескісі келеді екен. Тіпті, түрменің әйел қызметкері осы Мадсенге бола жұмысынан кетуге мәжбүр болған. Өйткені, қылмыскерді көрмесе, тұра алмайтын жағдайға жеткен. Осы қылығынан өзі қорқып, осындай шешім шығарыпты.
2019 жылы Мадсен түрмеде отырып, өзінің табынушысы Дженни Курпен атты ресейлік белсенді әйелге үйленіпті. 50 жастағы қаныпезер оған өте тартымды көрінген. Оның сөзіне сенсек, Мадсен «әдемі, дарынды, сезімтал әрі ақылды» екен. Басқаларға мүлде ұқсамайтын көрінеді. Ол күйеуін пір тұтатынын айтқан.
Ғылымда бұл құбылысты гибристофилия деп атайтын көрінеді. Грек тілінде «зиянкеске көңілі кету» деген мағынаны білдіреді. Әсіресе, әйелдерде көп кездеседі екен. Әйелдер қылмыскерлерге ғашық болады. Онымен төсекте болуды армандайды. Нәзік жандылар өзін Құдай санап, заңды мойындамайтын, ешқандай ережеге бағынбайтын адамдардың алдында дәрменсіз болып шығады. Соларды аңсайды.
Мәселен, 2011 жылы 77 өрімдей бозбаланы атып өлтірген норвегиялық терроршы Андерс Брейвик Утейа аралындағы түрмеде жатып, жаңбырша жауған ғашықтық хаттардан құтыла алмай жүр екен.
Басылым келтірген деректерге қарағанда, әйелдер өзін ғана жақсы көретін психопаттың ықпалына лезде түсіп қалады. Өйткені, көбінде ұлылық дертіне шалдыққан қауіпті қылмыскерлердің адамдарды оңай тұзағына түсіретін ерекше қасиеті бар болып шыққан.