Әйелдер арасында жүлде қоры – 4 мың доллар бизнес-идеялар байқауы басталады
«Кәсіп дөңгелетем» деген нәзік жандардың көбі бизнестегі сәтсіздіктен жүрексінеді. Қазақстанның ауыл әйелдері форумын ұйымдастыру комитетінің басшысы Майра Айсина осылай дейді.
Алматы, NEGE. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, қыз-келіншектердің 31 проценті шағын бизнеспен айналысады. 11 проценті өз ісін алдағы 3 жылда бастауға ниетті екен. Елордада полиграфия орталығы бар Жанар Досымова кез келген кәсіпкер әйелдің жолында кездесетін қиындықтар жөнінде айтты. Бірінші кезекте, бизнес жобаны қаржыландыратын бағдарламалар туралы ақпараттандыру жұмыстары жеткіліксіз дейді ол.
Жанар Досымова, полиграфия орталығының директоры:
– Қаржылық қолдау тетіктерін толық білген соң, кәсіп ашқан дұрыс. Бірақ қызығы сол, істі бастағаннан кейін маман тапшылығы пайда болады. Екі қолға бір күрек таппай жүрген жастар көп дейміз, бірақ кейде жұмыс істеуге әзір адам таппай қалатынымыз бар. Тапқанның өзінде оларды өз ақшамызға оқытып, біліктілігін арттырамыз. 1-2 жылдан кейін білікті маман басқа қызметке ауысады немесе өз ісін дөңгелетіп алады. Міне, осындай жағдайлар қайталана береді.
Осы және өзге де мәселелерді шешу мақсатында елордада арнайы конференция өтті. Офлайн және онлайн форматта қатысқандар өздері үшін өзекті түйткілдерді атады.
Қазақстанның ауыл әйелдері форумдарын ұйымдастыру комитетінің басшысы Майра Айсина: "Қаражатқа қолжетімділігі жоқ. Екінші бөлігі жүрексінеді. Ол ақшаны алғанменен, мен оны жарата аламын ба, істей аламын ба, бала-шаға, үй іші бар дегендей, орқады. Алаңдайды. Және үшінші бөлігі іс бастаймыз деген әйелдердің білімдері жетіспейді. Ақпарат онша көп емес. Сондықтан ол жағынан да жүрексінеді. Тағы да көбі мынау құжат көп жасау керек. Салығы бар, тексеру деген бар. Содан тартынады", – дейді.
Биыл наурыз айында «Белестер» жобасының 10-маусымы басталады. «Жаңадан бастаушыларға арналған бизнес негіздері» және «Жеке қосалқы шаруашылықтар» деген екі бағыт бойынша онлайн оқыту курстары өтеді. Сондай-ақ әйелдер арасындағы үздік бизнес-идеялар байқауына өтінімдер қабылданады. Байқау жеңімпаздарына 4 мың доллардан 20 грант ұсынылады.