10 декабря 2025 г. 10:29

Аида Балаева: Orda.kz және KazTAG ісі министрліктің бақылауында

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Премьер-министрдің орынбасарымәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желіде бірқатар БАҚ өкілінің істі болғанын жазып, процесс бақылауда екенін айтты.

Астана, NEGE. ​Қазақстанның медиа кеңістігінде журналистерге қатысты бірқатар істердің қозғалуына байланысты қызу талқы жүріп жатыр. Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева аталған істердің, соның ішінде Orda.kz пен KazTAG агенттігіне қатысты процестердің министрліктің бақылауында екенін жеткізді.

«Біз үшін елімізде сөз бостандығының сақталуы мен барлық ақпарат таратып отырғандардың заң аясында жұмыс істеуі аса маңызды. Кәсіби журналистика адалдыққа, объективтілікке және тексерілген ақпараттың нақтылығына негізделуі керек», – деді министр.

Ол журналистерге қатысты әкімшілік немесе қылмыстық істердің ашық та әділ қаралуы қажет екенін атап өтті.

«Кәсіби бұқаралық ақпарат құралдары заңды бұзбай жұмыс істеген жағдайда ғана мемлекет олардың құқығын тиімді қорғай алатынын түсінуі тиіс. Ал егер тараптар арасындағы қатынастар құқықтық алаңға ауысса, мемлекеттік органның араласуы сотқа қысым ретінде қабылдануы мүмкін. Журналистерімізге қатысты істерді тиісті органдар заң талаптарын сақтай отырып, жан-жақты әрі әділ қарайтынына сенімдімін. Министрлік өз құзыреті шегінде журналистердің құқықығын қамтамасыз етуге және сот істерінің әділ қаралуы үшін қажетті барлық шараларды қабылдауға дайын», – деді Балаева.

Ведомство басшысының бұл мәлімдемесіне KazTAG ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаев жауап беріп, министрге ақпараттың толық жеткізілмегенін жазды. Ол өздеріне қатысты қылмыстық істі әділ тергелмей жатыр деп санайды.

«Іс шілде айында қозғалған, бірақ KazTAG-қа қылмыстық іс туралы тек қараша айының соңында ғана хабарлаған. Жүргізілген сараптамалар да шынайы емес. Бұзушылық өте көп», – деді ол.

Матаевтың айтуынша, агенттік жариялаған материалдардың барлығы бастапқы дереккөзге – Freedom Finance ісі бойынша зардап шеккендер мен олардың адвокатының сөзіне сүйеніп берілген.

«Материалдар толықтай жәбірленушілердің тікелей сөзіне негізделген», – деді ол.

Матаевтың сөзінше, жәбірленушілер редакцияға өздері келген, өйткені бірқатар медиа жарнамалық келісімшарттарға байланысты олардың мәселесін жариялаудан бас тартыпты. Сонымен бірге ол Freedom Finance компаниясының елде айтарлықтай әкімшілік ресурсы бар екенін атап өтті.