25 мая 2022 г. 19:12

Айбек Мұхамедәлі, әнші: Әлемдегі бейбітшілікке үлес қосқым келеді

Фото:

Әлемді тек қана бейбітшілік құтқарады... Осы ұранды жалау еткен өнерпаздар Өзбекстанның сахнасында әннен шашу шашады.

29 мамыр Бұхара қаласында «Достық-2022» фестивалі өтеді. 5 ел қатысатын фестивальға Қазақстан атынан әнші Айбек Мұхамедәлі өнер көрсетеді. Nege.kz тілшісі өнерпаздан фестивальдің өту барысын сұрап, тілдескен болатын. 

– «Достық-2022» фестивалінде өнер көрсеткелі отыр екенсіз. Сол жөнінде толық айтып берсеңіз?

– Алматыда Қалтай есімді досым бар. Өзі өнер сүйгіш, КВН-нің атақты қатысушылармен жұмыс жүргізеді. Маған сол азамат ұсыныс жасады. «Осындай фестивальге барып қатысайық», – деді. Мен бірден келісімімді бердім. Өзім үшін қызықты болды, әрі шет мемлекеттерге бару – әркімнің арманы. Фестивальге Қазақстаннан бөлек Ресей, Тәжікстан, Әзірбайжан, Өзбекстанның әншілері қатысады. Мақсатымыз – мынадай алмағайып заманда бейбітшілікті насихаттау.

– Фестивальге қандай әндер дайындап жатырсыз? 

– Фестивальде алты жасымнан айтып үйренген, алғаш сахнаға шығып, осы күнге дейін орындап келе жатқан әнімді шырқаймын. Ол – Төлеген Мұхамеджанов ағамыздың әні, Бәкір Тәжібаевтің сөзіне жазылған «Іңкәрім-ай».

Одан кейін өнер жолымды тағы бір сатыға көтерген Ахмедия Есмуханов ағамыздың Мұқағали Мақатаевтің сөзіне жазған «Алыста» әнін, және Тоқтар Серіковтың сөзіне жазған Арман Дүйсеновтің «Балдай тәтті қыз» әнін орындаймын. Осы аталған әндер фестивальде шырқалатын болады.

 Ресейден де қатысушылар бар екен. Қазіргі Украинадағы жағдайдан кейін әлем халқының Ресейге деген көзқарасы басқа. Бұл жағы қалай шешілген?

– Әрине, барлығымыздың жүрегімізде «әлемде бейбітшілік болсын!» деген ұран бар. Көңілімізді толқытқан осы сезім барлығымыздың қатысуымызға себеп болды. Кейбір ресейлік әншілер басқыншылық саясат жағына шыққанымен, оларды әншілердің бәрі бірдей қолдаған жоқ. Ұйымдастырушылар осы жағын да ескерді деп ойлаймын.

 Сіздің түсінігіңіздегі достық, бейбітшілік ұғымдары қандай мағына береді?

– Әлемде болып жатқан шиеленістер, Украина мен Ресейдің арасындағы соғыс халықтың үрейін ұшырып отыр. Оған біз әбден көз жеткіздік. Халықтар арасында ынтымақ пен татулық, достық болмаса өмірдің мәні мен сәні кетпей ме? Бейбітшілік ұғымының қарапайым мағынасы осы. 

 Фестивальден қандай оң өзгеріс күтесіз?

– Пайдасы болады деп есептеймін. Шетелдің мәдениетімен танысасың, осы күнге дейін естігендеріңді көзбен көруге мүмкіндік бар. Өнер адамы ретінде өнеріңмен, дауысыңмен, әндеріңмен танылып, халық хошеметіне бөленуден асқан бақыт жоқ. Оның өзі өнер жолындағы бір жаңалық, өзгеріс деп білемін. Болашақта өзге де елдерде өтетін фестивальдерге қатысуға жол ашады.

Бұдан бөлек, жоғарыда айтқанымдай, әлемдегі бейбітшілік үшін қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да үлес қосқым келеді. Өнерде шекара болмайды, сондықтан да бейбітшілікті насихаттайтын осындай конкурстар жиі өтіп тұрса екен деп тілеймін. Әсіресе, қазіргідей заманда.

– Сұхбатыңызға рахмет! Сәттілік тілейміз!

Тегтер: