АИ-92 бензинін Қырғызстанға заңсыз шығарған қылмыстық топтың ісі сотқа жолданды

Қаржы мониторингі агенттігі АИ-92 маркалы бензинді Қырғыз Республикасына заңсыз шығарумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеп-тексеру аяқталып, іс сотқа жолданғанын хабарлады.

ortcom.kz

Астана, NEGE. Агенттік мәліметінше, 9 адамнан тұратын қылмыстық топ заңсыз схеманы іске асыру үшін 12 заңды тұлғаны тіркеген.

Бензинді шетелге шығару үшін күдіктілер «Қара Май ОйЛ» ЖШС мен «Petro Bazis» ЖШС шағын мұнай өңдеу зауыттарын пайдаланған. Құжат жүзінде кәсіпорындар АИ-92 бензинін жеңіл дистиллятпен немесе еріткішпен араластыру қызметін көрсеткен. Алайда іс жүзінде олар бензинді теміржол цистерналарына құюмен ғана шектелген. 

Кейін жалған құжаттар рәсімделіп, бензин ароматты көмірсутектер қоспасы, еріткіштер немесе жеңіл көмірсутектер қоспасы ретінде декларацияланған.

«Нәтижесінде автокөлік бензині мұнай-химиялық өнімі ретінде көрсетіліп, Қырғыз Республикасына заңсыз шығарылған. Бұл әрекеттер елдің ішкі нарығында мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалған кезеңде де іске асырылған», – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Заңсыз экспортталған бензин көлемі 190 мың тоннадан, қылмыстық топтың көлеңкелі айналымы 37,2 млрд теңгеден асқан.

Жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде «Түрксіб» станциясында Қырғыз Республикасына жөнелтілмек болған, шамамен 500 тонна заңсыз бензин тиелген 8 теміржол цистернасы анықталған. Құны 138 млн теңге болатын тәркіленген бензин мемлекет кірісіне өткізілді.