Ағайынды Әлібаевтардың ісін Антикор өз бақылауына алды
«Ағайынды Әлібаевтар: «Серік Үмбетовтің туыстары жала жауып, соққыға жықты» деген мақала жарияланған болатын. Бүгін Жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы М.Ахметжанов осы мәселеге қатысты жауап берді.
«Үмбетовтерден жәбір көрдік» деген ағайындылар Мемлекет басшысына, Ішкі істер министріне, Бас прокурорға және басқа да құзыретті органдарға хат жолдаған.
Алматы облысы, Жамбыл ауданының тұрғындары ағайынды Мадияр мен Сапарбек Әлібаевтарға қатысты күш қолданды деген айыппен Жамбыл аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы бойынша басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізіп жатқаны белгілі болған.
Nege.kz тілшісі аталған іс бойынша Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановқа Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сұрақ қойды.
Қылмыстық істі тергеу қай сатыда? Үмбетовтердің үстінен қылмыстық іс қозғалды ма?
«Бұл қылмыстық іс біздің тергеушілердің өндірісінде. Қазір қылмыстық тергеу амалдары жүріп жатыр. Ол жерде кім кінәлі, кім күдікті, қандай айып тағылғаны тергеу құпиялығына байланысты айтылмайды. Ол тек қана прокурордың рұқсатымен жариялануға жатады. Бірақ, қылмыстық іс бар, біз оны өз бақылауымызға алдық. Заңды, объективті түрде шешім қабылдауға ықпал жасаймыз», – деді Антикор төрағасы.
Ал Әлібаевтар «жәбір көрсетті, ұрып-соқты» деп айыптаған Үмбетовтерге қатысты қылмыстық іс қай сатыда екені сол күйі жауапсыз қалды.