«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасы: сарапшылар нені ерекше атап өтті?
«Әділет» партиясы Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқанын ресми түрде бастады.
Астана, NEGE. Бүгін ел бойынша партияның 20 өңірлік, 226 аумақтық сайлауалды штабы мен 30 мыңға жуық сенімді өкілі жұмысқа кірісті. Бұл туралы Астанада өткен Республикалық сайлауалды штабтың ашылуында партия төрағасы Айбек Дәдебай мәлімдеді.
Сайлауалды науқан аясында партия бағдарламалық бағыттарын таныстырды. Бағдарламада азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етуге және әлеуметтік мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған бірқатар бастама ұсынылған.
2031 жылға дейін 1 млн жұмыс орны ашылады
Партияның еңбек саласындағы негізгі мақсаты – 2031 жылға дейін кемінде 1 млн сапалы жұмыс орнын құру.
Бағдарламаға сәйкес, жаңа жұмыс орындары тұрақты жұмыспен қамтуды, өңірлік медианалық жалақыдан төмен емес еңбекақыны, әлеуметтік пакетті және қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуі тиіс.
Саясаттанушы Данияр Әшімбаев болса партияның депутаттық мандаттар үшін күреске қаншалықты дайын екенін саралап, бұл құжатты саяси додаданың маңызды бөлігі ретінде бағалады.
«Әділетті» қазірдің өзінде билік партиясы деуге болар еді, алайда мұндай мәртебеге ие болуы үшін ол жалпыхалықтық сайлау арқылы өзінің легитимдігін растауы қажет. Кез келген партияның жеңіске жетуі үшін әуелден үш негізгі құрамдас бөлігі болуы керек: жеткілікті ресурстық база, мықты кандидаттар тізімі және қуатты сайлауалды бағдарлама», – дейді Данияр Әшімбаев.
Саясаттанушы бағдарламаның межелік және технологиялық мақсаттарына ерекше тоқталды.
Құжатта 1 миллион жаңа жұмыс орнын құру, орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін арттыру, орта бизнестің үлесін үш есеге ұлғайту және 5 миллион азаматты жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларына үйрету сияқты аса ауқымды әрі батыл міндеттер қойылған.
«Осы тізімнің өзінен-ақ партияның Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған негізгі саяси бағыттарды дамытып отырғанын көруге болады. Сонымен қатар, бағдарламада азаматтардың тікелей өтініш-тілектері, сондай-ақ социологиялық және ақпараттық мониторинг нәтижелері негізінде анықталған қоғамның әлеуметтік сұраныстарына жауап беруге талпыныс жасалған. Қарапайым тілмен айтқанда, жоспарлары өте ауқымды», – дейді саясаттанушы.
Сарапшы партия ұсынған мемлекеттік аппаратты цифрлық трансформациялау бастамасына да ерекше мән берген. Оның айтуынша, «Әділет» партиясы непотизм мен кландық жүйенің сарқыншақтарын жоюды, нақты жұмысты құр есеппен алмастыруға жол бермеуді, сондай-ақ ЖИ көмегімен шешім қабылдау үдерісіндегі адами факторды барынша азайтуды ұсынады. Сонымен қатар, бағдарламада AI Hub пен Деректерді өңдеу орталықтары алқабын іске қосу көзделген.
«Жалпы алғанда, бағдарлама Қазақстанның соңғы жылдардағы жетістіктеріне жоғары баға беріп, оларды Мемлекет басшысы айқындаған стратегия аясында одан әрі дамытуды көздейді. Негізгі бағыттардың бірқатарында әлеуметтік мәселелерге басымдық беру күшейгені байқалады. Алайда қазіргі саяси-экономикалық бағытпен жүйелі қайшылықтар жоқ. Ұсыныстардың басым бөлігі – дәстүрлі сын-қатерлерге берілген дәстүрлі жауаптар, тек қазіргі саяси кезеңнің ерекшеліктеріне бейімделген», – деп түйіндеді Данияр Әшімбаев.
Бизнесті қолдау күшейеді
«Әділет» партиясы шағын және орта бизнесті экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде қарастырады. Бағдарламада орта бизнестің экономикадағы үлесін қазіргі шамамен 7 пайыздан 20 пайызға дейін жеткізу мақсаты белгіленген.
Ол үшін кәсіп ашу рәсімдерін жеңілдету, бизнесті тіркеуді толық цифрлық форматқа көшіру және кәсіпкерлерге қойылатын артық талаптарды азайту ұсынылады.
Партия заңнаманы қайта қарап, ескірген және қайталанатын талаптарды жоюды көздейді. Сонымен қатар шағын және орта бизнеске қатысты тек нақты тәуекел болған жағдайда ғана тексеру жүргізу ұсынылған.
Кәсіпкерлердің қаржыға қолжетімділігін арттыру үшін кепілдік құралдарын дамыту, венчурлік қаржыландыру мен краудфандинг платформаларын енгізу жоспарланған.
Бағдарламада мемлекеттік қолдауды жаппай субсидиялаудан нақты нәтиже көрсететін кәсіпорындарға бағыттау ұсынылады. Бұл ретте компаниялардың жаңа жұмыс орындарын ашуы, жалақы деңгейін көтеруі және әлеуметтік міндеттемелерді орындауы ескерілмек.
«Әділет» партиясының экономикалық бағыты үш негізгі мәселені қамтиды: азаматтарға қолжетімді баспана ұсыну, тұрақты жұмыс орындарын көбейту және кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасау.
Сайлауалды бағдарламаның толық мәтінін «Әділет» партиясының сайтынан оқи аласыздар.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.