«Әділет» партиясы Құрылтайда барынша көп орын алуды көздейді
«Әділет» партиясының Саяси кеңес бюросының мүшелері съезд аяқталғаннан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Астана, NEGE. Тілшіміз саяси кеңес мүшесі Рауан Кенжеханұлынан партияның алдағы Құрылтайда қанша орын алуға мүдделі екенін сұрады. Оның айтуынша, «Әділет» сияқты жаңа саяси күштің мақсаттарына шектеу қойылмайды, сондықтан партия барынша көп орын алуды көздейді.
«Барынша көп орын алуға мүдделіміз. Кез келген саяси партия саяси қызметке келгеннен кейін алдына үлкен мақсаттар қоя білуі керек деп ойлаймын. Әсіресе, «Әділет» секілді жан-жақты қолдауға ие болып жатқан саяси күштің мақсатында ешқандай шектеу болмауы қажет. Сондықтан барынша көп орын алуға тырысамыз», – деді ол.
Осыған ұқсас сұрақ саяси кеңес мүшесі Бурихан Нұрмұхамедовке де қойылды. Ол нақты санды айтуға әлі ерте екенін жеткізді. Оның сөзінше, бұл мәселе партияның кезекті съезінде талқыланған соң ғана белгілі болмақ:
«Бұл партияның ішкі мәселесі болғандықтан, ол съезде талқыланады. Асығыстықтың қажеті жоқ. 1 шілдеде жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін, Мәжіліс пен Сенат таратылып, Президент Құрылтай сайлауының күнін белгілейді. Сол кезде партия съезі өтіп, қанша кандидат ұсынылатыны анықталады».
Съезде қабылданған тағы бір маңызды шешім – өңірлік филиалдарды ашу. Делегаттар Қазақстанның барлық облыстары мен республикалық маңызы бар қалаларын қамтитын толыққанды өңірлік желі құру туралы шешімді қолдады. Партия басшылығы бұл қадам ұйымдық дамудың жаңа кезеңін бастап, өңірлердегі тұрақты жұмысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп есептейді.