«Әділет» партиясы Ақмолада өңірлерді дамыту бағдарламасын таныстырды
«Әділет» партиясы республикалық сайлауалды штабының Ақмола облысындағы кездесулері қоғамның өзекті мәселелерін сөз етті.
Астана, NEGE. Көкшетауда бас қосқан Құрылтай депутаттығына кандидаттар мен жергілікті жұртшылық кәсіпкерлерді қолдау, жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту және өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Жиында алғашқылардың бірі болып сөз алған кәсіпкер Индира Нұрлан кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік бағдарламаларды бір цифрлық жүйеге біріктіру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін мұндай платформа кәсіпкерлердің уақытын үнемдеп, мемлекеттік қолдау тетіктерін әлдеқайда қолжетімді етеді.
Білім беру саласының өкілі Нұржамал Оспанова цифрлық дәуірдің сұранысына сай маман даярлау мәселесіне тоқталды. Ол жасанды интеллект негіздерін мектептен бастап оқытып, колледждерде робот техникасы мен цифрлық инженерия бағыттарын күшейтуді ұсынды.
Экологиялық мәселелерге тоқталған урбанист Расим Хамитов қалаларды көгалдандыру, таза орта қалыптастыру және экологиялық мәдениетті нығайту бастамаларын қолдайтынын жеткізді.
«Біз партияның экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған бастамаларын қолдаймыз. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасына шынайы алғысымды білдіргім келеді. Бұл бағдарлама жай ғана экологиялық акция емес, ауқымды жалпыұлттық қозғалысқа айналды», – деді ол.
Құрылтай депутаттығына кандидат Рауан Кенжеханұлы партия бағдарламасындағы экологиялық міндеттерге тоқталып, орман алқаптарын ұлғайту және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру жоспарларын таныстырды.
Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту мәселесіне қатысты кандидат Юлия Кучинская өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, ел бойынша ондаған мың шақырым инженерлік желі жаңартылып, республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың сапасы кезең-кезеңімен жақсартылады.
«Еліміз бойынша 86 мың шақырым инженерлік желі салынып, қайта жаңғыртылады. Бұл олардың орташа тозу деңгейін қауіпсіз деп саналатын 40 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 2029 жылға дейін республикалық маңызы бар 10 мың шақырым жол жөнделіп, жергілікті және аудандық жолдардың нормативтік талаптарға сай үлесі 95 пайызға дейін жеткізіледі», – деді Юлия Кучинская.
Кадр даярлау мәселесін сөз еткен Шолпан Каринова мектептер мен балабақшаларда жаңа орындар ашу, колледждерді дамыту және жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған жоспарлар туралы баяндады. Ол бағдарламада екінші жұмысшы мамандығын тегін алу мүмкіндігі де қарастырылғанын айтты.
Кездесуді қорытындылаған Айбек Дәдебай өңірлердің әлеуетін толық пайдалану елдің тұрақты дамуының басты шарты екенін айтты. Оның сөзінше, партия ауыл шаруашылығын дамытуға, фермерлердің қаржыға қолжетімділігін арттыруға және қайта өңдеу саласын күшейтуге басымдық береді.
«Бүгінде өңірлерді дамыту Мемлекет басшысының назарында. Біздің міндетіміз – әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, олардың дамуын қамтамасыз ету, жергілікті жерлердің өкілеттігін кеңейту және адамның қай жерде тұратынына қарамастан, лайықты өмір сүруіне жағдай жасау. Облыс орталықтарына өңірлердің дербес экономикалық, білім беру және әлеуметтік орталықтары ретінде басым қолдау көрсетіледі. Фермерлер үшін жеңілдетілген қаржыландыруға, ал қайта өңдеу кәсіпорындары үшін заманауи агротехнологиялар мен ветеринариялық қызметтерге қолжетімділік кеңейтіледі. Бұл қосылған құны жоғары ауыл шаруашылығы өнімдерін көбірек өндіруге, жаңа кәсіпорындар ашуға және өңірлерде жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», – деді ол.
Партия төрағасы кездесуде көтерілген барлық ұсыныс «Қуатты өңірлер – қуатты ел» бағыты бойынша атқарылатын жұмыстарға енгізілетінін айтып, өңірлерге дайын шешім ұсыну үшін емес, халықтың пікірін тыңдау үшін келгендерін жеткізді.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.