Әділет министрлігі NCOC-тың айыппұлға қатысты мәлімдемесіне түсініктеме берді
Әділет министрлігі Қашаған жобасының операторы – North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясының UNCITRAL арбитражы экологиялық айыппұлдарды өндіріп алуға тыйым салды деген мәлімдемесіне пікір білдірді.
Астана, NEGE. Әділет министрлігінің түсіндіруінше, North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясына экологиялық айыппұл Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзғаны үшін, нақтырақ айтқанда, күкіртті сақтау көлемінің белгіленген талаптарын сақтамауына байланысты салынған.
Ведомствоның баспасөз қызметі айыппұлдың заңдылығы Қазақстан соттарының шешімдерімен расталғанын алға тартады.
Атап айтқанда, 19 маусымда Атырау облыстық соты Экология департаменті салған экологиялық айыппұлды заңды деп таныған.
«Бұл шешім заңды күшіне енді және оны 2026 жылғы 20 шілдеге дейін ерікті түрде орындау қажет. Осы мерзімнен кейін North Caspian Operating Company мен оның мердігер ұйымдарына мәжбүрлеп орындату шаралары қолданылуы мүмкін, оның ішінде өндірілген соманың 10%-ы көлемінде қосымша атқарушылық санкция өндіріп алынуы ықтимал», – делінген министрлік хабарламасында.
Сонымен бірге министрлік North Caspian Operating Company компаниясының БҰҰ Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының (UNCITRAL) ережелері бойынша құрылған арбитраждық трибуналдың аралық бұйрығының құқықтық салдары туралы мәлімдемесі негізсіз екенін атап өтті.
Бұл ретте Әділет министрлігі UNCITRAL аясындағы арбитраж инвестициялық арбитраж (ISDS) емес, коммерциялық арбитраж екенін, сондай-ақ шетелдік коммерциялық арбитраждың қамтамасыз ету шарасы Қазақстан Республикасы аумағында автоматты түрде заңды күшке ие болмайтынын алға тартады.
Сондай-ақ, ведомство өкілдерінің нақтылауынша, тіпті UNCITRAL-дың Халықаралық коммерциялық арбитраж туралы үлгілік заңының өзінде қамтамасыз ету шараларын тану және орындау мәселесі ұлттық заңнамаға сәйкес мемлекеттің құзыретті соты арқылы шешілетіні айтылған.
«Төртіншіден, айыппұлды өндіріп алу мемлекет өзіне тиесілі егемен реттеушілік өкілеттіктерді іске асыру аясында, экологиялық заңнаманың міндетті талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі. Мемлекеттік органдар заңды күшіне енген сот актілерін орындауға және экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік шараларын қолдануға міндетті. Заңда көзделмеген негіздерсіз мұндай сот актісінің орындалуын тоқтату ұлттық заңнама талаптарына қайшы келеді», – деді Әділет министрлігі өкілдері.
Бұған қоса, экологиялық құқық бұзушылықтар үшін санкцияларды қолдану жеке құқықтық дауды қарайтын коммерциялық арбитраждың шешімдерімен шектелмейтіні атап өтілген.
«Шетелдік коммерциялық арбитраждың қамтамасыз ету шарасы Қазақстан Республикасы заңнамасының императивтік нормаларынан жоғары тұрмайды, экологиялық айыппұлды өндіріп алу туралы заңды күшіне енген сот актісін орындауға кедергі келтірмейді және мемлекеттің қоршаған ортаны қорғау мен қоғамдық мүдделерді қамтамасыз ету жөніндегі егемен өкілеттіктерін шектемейді», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар министрлік өкілдері NCOC компаниясының UNCITRAL ережелері бойынша жалғасып жатқан арбитраждық талқылауға қатысты маңызды мәліметтерді, соның ішінде трибуналдың қамтамасыз ету туралы аралық бұйрығы жөніндегі ақпаратты жария етуі алаңдаушылық туғызатынын айтады. Олардың түсіндіруінше, мұндай мәліметтерді жария түрде тарату халықаралық арбитраждың құпиялылық қағидатына сәйкес келмейді әрі істің тиісті деңгейде қаралуына ықпал етпейді.
Айта кетейік, бұған дейін NCOC Халықаралық арбитраждық трибунал Қазақстанға Қашаған кен орнындағы экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін салынған 2,3 трлн теңге көлеміндегі айыппұлды мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдануға уақытша тыйым салатын қаулы шығарғанын мәлімдеген болатын.
Сондай-ақ NCOC пен оның мердігер компаниялары салынған айыппұлмен және оны салуға негіз болған айыптаулармен келіспейтінін, әрі оларды барлық қолжетімді құқықтық тәсілмен даулап жатқанын мәлімдеді.