27 января 2026 г. 9:56

«Әдейі торуылдаған»: адвокат Шымкенттегі төбелес жайлы тың мәлімет айтты

Фото: Видеодан скриншот

Шымкентте жолдағы жаппай төбелес салдарынан қайтыс болған Василий Колесниковтің адвокаты Талғат Есімовтің пікірінше, күдіктілер қастандық жасауға алдын ала дайындалған.

Астана, NEGE. Оның пайымдауынша, күдіктілер Василий Колесниковті ұрлап кетіп, өлтірмек болған.

«Бұқаралық ақпарат құралдары мұны жол қозғалысы ережесін бұзу салдарынан шыққан жанжал деп жазып жатыр. Алайда жол ережесін бұзу әдейі ұйымдастырылған торуыл болған, ешкім көлігін ойлаған жоқ. Нысана – Василий Колесников еді, олар оны ұрлап, кейін өлтіруді көздеген және бұл жоспарын іске асырған», – деп келтіреді адвокаттың пікірін Otyrar.kz.

Адвокат сот процесін ашық түрде өткізіп, қылмыскерлерді өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етеді.

«Бұл жағдайда Арман Бейсенбаевтың жетекшілігімен полиция департаменті өте кәсіби түрде жұмыс атқарды: алғашқы тәулікте шамамен бес адам ұсталды. Кейін Түлкібас ауданында тағы үш адам қолға түсті. Тағы бір адам іздеуде жүр. Меніңше, бұл адамдардың өрескел әрекеттері – қазіргі қоғамның сын-қатері әрі Мемлекет басшысының да ұстанымы – заң мен тәртіп. Сондықтан сот процесін ашық түрде өткізу қажет, әрі біздің ұстанымымыз – тек өмір бойына бас бостандығынан айыру. Мұндай адамдарға қазіргі қоғамда орын жоқ», – дейді ол.

Айта кетейік, бір апта бұрын желіде Шымкенттегі жол-көлік оқиғасынан кейінгі жаппай төбелестің видеосы тарады. Оқиға куәгерлерінің мәлімдеуінше, екі көлік соқтығысқаннан кейін жанжалға үшінші көлікпен келген бір огп ер адам қосылған. Олардың арасында жаппай төбелес шығып, салдарынан бірнеше адам пышақ жарақатын алған. Бір адам ауруханаға жеткізілген, тағы бір адамды оқиға орнынан күшпен алып кеткен. Кейінірек аурухана маңынан оның мәйіті табылды.

Бұл жайт бойынша қылмыстық іс қозғалып, көп ұзамай бірнеше күдікті ұсталды.