28 июля 2022 г. 18:22

«Әдептілік жауынгері» мәртебесі беріледі

Фото:

Қазір Жаңа Қазақстан саясатын іске асыру мақсатында жеке адамнан тартып, мемлекеттік мекемелерден, азаматтық қоғамнан әділдік қағидаты талап етіле бастады. Бұл тәжірибе батыс елдерінде бұған дейін сыналған және нәтиже көрсеткен. Осы ретте «Әділдік Жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігімен «Әділдікті талап ет!» акциясы  басталды. Аталған акцияның қоршаған ортаға, қоғамға берері көп-ақ.

Алматы, NEGE. Акция жайлы ақпарат қазір республикалық БАҚ пен әлеуметтік желіде барынша насихатталып жатыр. Оның негізгі мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністеріне мүлдем төзбеушілік ахуалын қалыптастыру және бұл процеске азаматтарды тарту. Яғни, сыбайласқан жемқорлықты түп тамырымен жою десе де болады.

«Әділдікті талап ет!» акциясы қоғамды толғандыратын ең өзекті тақырыптарды кезең-кезеңімен қамти отырып, нақты іс-әрекетке көшу. Акция 2022 жылдың тамыз айына жоспарланған. Бұған Алматы қаласының барлық тұрғыны қатыса алады.

Бірінші кезеңде автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтай отырып, автожол саласының проблемаларына баса назар аударылатын болады. Өйткені, жол мәселесі Қазақстан аумағында шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер басында тұр.

Акцияға қатысу шарттары да қарапайым. Азаматтар арнайы Adildik.kz веб-сайт арқылы автожолдарды салу, жөндеу және күтіп ұстау саласындағы сыбайлас жемқорлық проблемалары мен фактілері туралы хабардар ете отырып, акцияға қосыла алады.

Келіп түскен барлық ақпарат салалық нормативтік-құқықтық актілерді және уәкілетті органдар үшін ұсынымдарды жетілдіру жөнінде сындарлы ұсыныстар әзірлеу үшін қалың жұртшылықты тарта отырып, «Әдептілік кеңесі» өңірлік және республикалық кеңестерінің отырыстарында талқыланатын болады.

Акцияның нәтижелері, сондай-ақ бірлестік қызметінің қорытындылары 2022 жылдың соңында жоспарланған сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумда жарияланып, акцияның ең белсенді қатысушы-азаматтарына «Әдептілік жауынгері» мәртебесі беріледі. Азаматтық ұстанымды көрсетіңіз, шетте қалмаңыз!

Тегтер: