3 ноября 2025 г. 9:26

«Әдемі болғысы келеді»: Оңтүстік Кореяда пластикалық операция жасайтын қазақстандық жігіттер көбейді

Фото: NEGE

Қазақстандықтар бет-әлпетін өзгерту үшін Оңтүстік Кореяға барып, мұндай процедураларға 10 мың долларға дейін төлеп жатыр. Ең көп сұранысқа ие операциялар – блефаропластика (көз қабақтарын түзету), липосакция (артық майды алу) және ринопластика (мұрын пішінін түзету). Соңғы уақытта пластикалық операция жасатуға келетін ер адамдардың саны да артып келеді. Бұл туралы біз Кореяда тұрып, медициналық қызмет алғысы келетін қазақстандықтарға көмектесіп жүрген Құлпынай Байтуовадан сұрап көрдік.

– Құлпынай ханым, әлеуметтік парақшаңыздан сізді корей тілін үйретумен қатар, корей медицинасының қазақ тіліндегі ресми аудармашысы әрі көмек көрсетуші маман ретінде таныдық. Бұл бастама қалай пайда болды?

– Өзім Қазақстаннан Кореяға алғаш келген кезде тілді білмей, медициналық терминдерді түсінбей, көп қиындыққа тап болдым. Сол сәтте «егер мен сияқты мыңдаған адамға дәл осы жерде қазақ тілінде көмек көрсететін компания болса, олардың өмірі әлдеқайда жеңіл болар еді» деген ой келді. Өйткені диагноз нақты қойылып, дұрыс ем тағайындалғаннан кейін қайта-қайта ақша шашып, уақыт жоғалтпайсыз.

Осылайша, жолдасым екеуміз алғашқылардың бірі болып, қазақ тілінде толық қолдау көрсететін медициналық компания аштық. Басты мақсатымыз – Кореяға келген әрбір қазақстандық өзін жалғыз сезінбей, туған еліндегідей жайлы сезінсе деген ниет.

– Бізге корей медицинасы көбіне сұлулықпен тікелей байланысты көрінеді. Расында солай ма? Ем іздеп жүргендердің көбі қандай мәселемен барады?

– Көпшіліктің ойынша, корей медицинасы негізінен сұлулықпен байланысты, бірақ іс жүзінде бұл сала әлдеқайда кең. Елімізден келетіндердің басым бөлігі – онкологиялық диагноз қойылған пациенттер. Одан кейін жүрек-қан тамырлары, эндокриндік жүйе (қалқанша без), аяқ-буын және омыртқа ауруларымен ауыратын науқастар жиі келеді. Сонымен қатар, диагностика мақсатында, яғни толық тексеруден (чекап) өту үшін келетіндер де көп.

Кореяда чекап өте жылдам әрі дәл жүргізіледі. Бір күннің ішінде қан талдауы, УЗИ, эндоскопия, МРТ, КТ сияқты барлық зерттеулер жасалып, сол күні немесе келесі күні нәтижесін алып, нақты қандай ем қажет екенін білуге болады. Ең басты артықшылығы – ауруды дер кезінде анықтау. Кейде өзіміз байқамай жүрген кішкентай белгілер үлкен аурудың бастамасы болып шығады.

– Өзіңіз өткен айда операция жасатқан екенсіз. Дертіңіз жайлы қалай білдіңіз?

– Өзім де жұмыс көп деп жүре бердім. Бір күні емге келген жап-жас пациенттен онкологиялық ауру анықтаған соң, өзім де тексеріліп көрейін деген ойға келдім. Себебі кеудем шаншып, мазалап жүрген еді. Тексеру кезінде ойламаған жерден ота жасауды қажет ететін мәселе анықталды. Егер тағы біраз кешіксем, салдары ауыр болар еді деді дәрігер. Сол сәтте мен де, айналамдағы адамдар да ерте тексерілудің қаншалықты маңызды екенін түсіндік.

Қатерлі ісік ауруы бастапқы сатысында анықталса, емделу ықтималдығы 90–95 пайызға дейін жетеді. Бірақ, өкінішке қарай, көпшілік дәрігерге тек ауру асқынып, шыдатпай кеткенде ғана жүгінеді.

– Сіздің компания арқылы қатерлі ісік ауруларына қатысты қандай ем түрлерін алуға болады?

– Біз Кореядағы ең үздік онкоорталықтармен жұмыс істейміз. Пациенттер химиотерапия, иммунотерапия, сәулелік терапия, роботты операциялар секілді барлық заманауи ем түрлерін ала алады. Әр пациенттің жағдайы жеке қаралып, арнайы ем жоспары жасалады. Кореяда рак жасушаларын нақты анықтайтын PET-CT, генетикалық мутацияларға анализ жасайтын NGS тест, минималды инвазивті роботты оталар (Da Vinci), иммунотерапия, мақсатты терапия секілді соңғы технологиялар қолданылады. Бұл тәсілдер ем нәтижесін айтарлықтай арттырады.

Құлпынай Байтуова

– Өзіңіз білетіндей, қазір сұлулыққа салынатын қаржы – әйел жаратылысының бәріне тән. Отаның да небір түрі бар. Тіпті, ағзасын «артық» санап, қабырғасын алдыртқанды да естідік. Корея медицинасы бұған қалыпты жағдай деп қарай ма?

Оңтүстік Корея дене пішінін қалпына келтіру операциялары бойынша танымалдылық жағынан АҚШ пен Бразилиядан кейін үшінші орында тұр. Елдегі әрбір үшінші тұрғын пластикалық операцияны таңдайды, оның ішінде блефаропластика мен ринопластика ерекше сұранысқа ие. Корей мамандары жұмсақ, минималды инвазивті әдістерді қолданады, бұл пациенттердің жылдам сауығуына ықпал етеді. Сондықтан болар, елімізден де келушілер көбейіп келеді.

Иә, жасырмаймыз, қабақ, бет операцияларынан бөлек, денедегі артық майды алдырып тастау, тіпті шаш ектіруге дейін жасатады. Сонымен қатар мұрын түзету, кеуде үлкейту, көз аймағына арналған жасарту әдістері мен әжімдерді тарту секілді операцияларды жергілікті корейлер ғана емес, біздің елден келгендер де жасатып жатады. Ал бағалары әр пациенттің жеке жағдайына байланысты есептелінеді.

– Мәселен…

– Мұрын пішінін өзерту шамамен 3-5 мың доллар, бетті тарту шамамен – 5-10 мың доллар, кеуде пішінін ұлғайту – 4-7 мың доллар, қабақтың хирургиясы – 2-4 мың доллар арасында болса, шаш трансплантациясы 3 мың доллардан бастап жасалады. Қазір ер адамдар да пластикалық операцияларға жиі жүгінеді. Қазақстаннан келіп пластикалық операциялар жасатып жүрген ер азаматтар да баршылық. Кореяда бұл қалыпты процес. Тіпті мұндағы кей ата-аналар балаларына мектеп бітіргені үшін жазғы демалыста қабақ жасату операциясын сыйға береді.

– Әйелдерден бөлек ер-азаматтар да жиі барады дедіңіз. Сонда ерлер қауымы қандай процедураларға жүгінеді?

– Біздің елден келетін ер азаматтарымыз да қазір өз денсаулығына көп көңіл бөледі. Көбі ем алуға немесе чекапқа жиі келеді. Бірақ арасында өзіне қосымша күтім жасап, косметологиялық процедураларға баратындар да бар. Мысалы, бет тазарту, инъекция салдыру, қабаққа блефаропластика жасату, мұрын пішінін өзгерту немесе бет тарту сияқты процедураларды ер адамдар жиі таңдайды.

Корея медицинасының қазақстандық медицинадан не айырмашылығы бар?

– Жалпы алғанда, Оңтүстік Кореяда онкология, пластика, стоматология сияқты салаларда емдеу тиімдірек. Себебі мұнда заманауи технологиялар бар, сондай-ақ жоғары білікті профессорлар жұмыс істейді. Ем алған пациенттер жақсы нәтижеге қол жеткізіп, риза болып жатады.

– Сіздің тәжірибеңізде ерекше есте қалған, өміріңізге әсер еткен қандай оқиға болды?

– Мұндай оқиғалар көп. Мысалы, бір апай асқазаны ауырып жүр деп келген еді. Чекап барысында ұйқы безінің бастапқы сатыдағы қатерлі ісігі анықталды. Дереу ота жасалды. Қазір аман-есен, немерелерін бағып жүр. Осындай сәттерде өз жұмысыңның маңызын, жауапкершілігін бұрынғыдан да терең сезінесің.

Әңгімеңізге рақмет!