Адамзаттың алыбы-хәкім Абай
Хәкім Абайдың 175 жылдығына орай еліміздің барлық өңірлерінде түрлі мәдени шаралар мен тың жобалар ұйымдастырылып, бірнеше әдеби орталықтар ашылуда. Қазірдің өзінде мерейтой шеңберінде жүзеге асырылатын жұмыстар легі басталып кетті.
Алматы, Nege. Елімізден тыс Чехияда ашылған «Абай» мәдени-ақпарат орталығы алдағы уақытта оқырмандар үшін екі елдің белгілі ақын-жазушыларымен кездесетін орынға айналмақ. Бұл жобаны Қазақстанның Чехиядағы елшілігінің қолдауымен еліміздің ұлттық академиялық кітапханасы Прагадағы әріптестерімен бірге жүзеге асырып отыр.
Айта кетейік, орталықтың ашылу салтанатына Чехия парламентінің депутаттары, қос елдің әдебиет өкілдері мен қазақстандық студенттер қатысты. Орталықтың міндеті - қазақ әдебиеті мен руханиятының дамуына үлес қосып, Абай шығармаларын оқу мәдениетін қалыптастыру. Сонымен қатар ақпан айының 8 жұлдызында еліміздің астанасы Нұр-сұлтан қаласында Ұлы ақынның мерейтойы аясында «Адамзаттың алыбы-хәкім Абай» атты республикалық ақындар айтысы өтеді.
Мәдениет және спорт министрлігі мен қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өтетін дүбірлі додада 16 ақын бақ сынайды. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен көпшілікке ұсынылатын жыр жәрмеңкесін Жүрсін Ерман жүргізеді. Ендеше, азулы ақындардың қатысуымен өтетін айтыс аламанынан қалыс қалмаңыз!