Адамдардың немқұрайлығы мен салғырттығының салдары тым қымбатқа түседі – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев апаттардың алдын алуда әр адамның жауапкершілігі маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, қайғылы жағдайларға кей кездерде адамдардың немқұрайлығы мен салғырттығы себеп болуы мүмкін.

Ақорда

Астана, NEGE. Мемлекет басшысының пікірінше, қоғам қауіпсіздігі әр жанның ішкі тәртібіне байланысты қалыптасады.

«Қиналған адамға көмек қолын созу – ұлтымыздың болмысына сіңген дағды. Мұны жауапкершілік пен жанашырлықтың озық үлгісін көрсетіп, бейбіт күнде ерен ерлік жасап жүрген азаматтарымыз нақты ісімен дәлелдеп жүр» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Тоқаев мұндай азаматтардың еңбегі мемлекет назарынан тыс қалмайтынын және оларға лайықты құрмет көрсетілетінін атап өтті.

Сондай-ақ Президент сала мамандары өздеріне жүктелген міндетті адал атқарып, әрдайым ел игілігі үшін қызмет етіп келе жатқанын баса айтты.

Айта кетейік, кейінгі бес жылда қазақстандық құтқарушылар 75 мыңнан астам жедел шақыртуға барып, 240 мыңға жуық азаматқа көмек көрсеткен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады.