20 августа 2025 г. 17:13

«Абу-Даби Плазадағы» шатақ: Бизнесмендер ең биік ғимараттың алдында митингі өткізбек

Фото: ғаламтордан

Астанадағы ең биік ғимарат «Абу-Даби Плазадан» бөлмелерді жалға алған кәсіпкерлер бас көтеріп, жалға беруші тарапынан қысым көріп жатқандарын мәлімдеді. Бұл туралы Nege.Aqsha телеграм каналы хабарлады.

Естеріңізге салайық, жуырда «Абу-Даби Плаза» сауда және ойын-сауық орталығынан бөлмелерді жалға алған кәсіпкерлер Президенттің атына бейнеүндеу жолдаған. Өз үндеуінде олар жалға беруші тарапынан қысым көріп жүргендерін, кәсіпке деп салған ақшаларын жоғалту қаупі төніп тұрғанын мәлімдеген-ді. Мәселен, жалға алушылардың бірі ғимарат қожалары электр жарығын сөндіріп, келушілерге кедергі жасап жатқанын айтқан болатын.

«Абу-Даби Плазаның» баспасөз қызметі келісімшарт заңды түрде бұзылғанын, айыптаулар негізсіз екенін хабарлады.

«Өкінішке қарай, кейбір жалға алушылар өз міндеттемелерін жиі орындамады, бірнеше мәрте ескертуге және қарызды өтеуге мүмкіндік берілгеніне қарамастан ұзақ уақыт бойын жалға алу ақшасы мен коммуналдық қызмет ақысын төлеген жоқ. Енді бірінде жалға беру мерзімі аяқталған және жалға алушыға бұл ескертілген. Бөлмені босатуға жеткілікті уақыт берілді. Ал енді коммуналдық қызметті тоқтату мен шектеу шаралары амалдың жоқтығынан жасалды және барлығы заң мен келісмішарт аясында болды», – дейді хабарламада.

Заңгер Арғын Ысқақбеков бұл жағдайға қатысты былай деді: «Жалға алушылар митингі өткізу туралы әкімдікке хабарландыру жіберді, енді жауабын күтіп отыр».