Әбдухалил Уралбаев: Саны жағынан өзбек этносы үшінші орын алады
Елімізде өмір сүріп жатқан ұлт пен ұлыс өкілдерінің пікірі бір жерден шығып жатады. Бәрі де қиын-қыстау заманда пана болған қазақ халқына алғысын жаудырады. Сондай белсенді диаспораның бірі – өзбектер. Nege.kz тілшісі «Өзбек мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Әбдухалил Уралбаевты әңгімеге тартқан еді.
«Қазақстанда 900 мыңнан астам өзбек тұрады»
– Өзім Түркістан облысы, Шардара ауданында өмірге келдім. Бүгінде Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесімін және «Өзбек мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары қызметін атқарамын. Мәдени орталық 2006 жылы құрылды. Содан бері ассамблея бастама болатын шаралардың бәріне белсенді түрде атсалысып келеміз. «Өзбек мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі аясында өзбек ұлты салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, мәдениеті мен тілін дамытып отырады. Осында келіп туған ана тіліндегі кітаптарды оқиды, фильмдер көреді.
Ал Алматыда тұратын өзбек ұлтының балалары қазақ тілін үйренетін жексенбілік мектебіміз бар. Былай кезде де басқа ұлттарға қарағанда өзбектер қазақ тілінде емін-еркін сөйлейді. Себебі, біз түбіміз бір түркітілдес елміз. Мысалы, Шардара ауданында біздің көшеде түрлі ұлт өкілі болды. Бірақ бәріміз қазақша сөйлестік. Яғни, қарым-қатынас тілі – қазақ тілі болды.
Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Осында дүниеге шыр етіп келіп, азамат ретінде толыстым. Қазақстанда тұрып жатқаныма қуанамын. Біздегі ұлт пен ұлыс өкілдерінің көбі осы пікірде екеніне сенімім мол. Себебі, қазақ халқы өзінің жері сияқты кең пейілді, қонақжай. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан ақжарқын халық.
Қазақстан аумағында тұратын өзбек халқының алғысы шексіз. Демографиялық тұрғыдан қарасақ, саны жағынан бірінші орында – қазақ, екінші – орыс, өзбек этносы үшінші орын алады. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 900 мыңнан астам өзбек тұрады. Негізінен Түркістан облысында, Түркістан, Кентау, Шымкент қаласында, Сайрам ауданында қоныстанған. Сол сияқты арнайы мәдени орталығы бар Алматы қаласында 9 мыңнан астам өзбек тұрады. Ал Жамбыл облысында 25 мыңнан астам өзбек этносы бар. Олар көбінесе ауылшаруашылығы саласында еңбек етеді. Көкөніс егіп, аузымызды ерте көкке жеткізетін еңбекқор халық.
«Ассамблея – қоғамдық келісімді қолдайтын институт»
– Қазақстан халқы ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында көтерген болатын. Арада үш жыл өткен соң, 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы ассамблеясын құру туралы жарлығы шықты. Бір аптадан соң ассамблеяның бірінші сессиясы тұсауын кесті. Ассамблея – қоғамдық институт іспеттес. Соның арқасында елдегі ұлт пен ұлыс өкілдері қоғамдық келісім аясында тату тұрып келеді.
Ассамблеяның негізгі міндеті – қоғамда диаспорааралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін нығайту, мемлекет құрушы қазақ ұлтының дәстүрі мен тілін дәріптеу арқылы диаспоралар мәдениетінің сақталуына жағдай жасау, қоғамдық келісімді қолдау және дамыту. Кейде басқа мемлекет басшылары да, азаматтары да бізге қызығады. Бір шаңырақтың астына ұйыстырып отырған ассамблея сияқты ұйымның болғанын құптайтынын жасырмайды. Кейбіреулер ассамблеяның жұмысы – 1 мамыр халықтар бірлігі мерекесінде өз ұлтының шапанын киіп алып, билеу деп түсінеді. Олай емес.
Әрине, кез келген ұйым қызметін жандандыру үшін жылдар өте келе реформа керек. Мұны өткенде жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты. «Парламенттің төменгі палатасында еліміздегі түрлі саяси көзқарастар көрініс табуға тиіс. Ешкімге жасанды артықшылық берілмеуі керек. Осылайша, біз Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасын жоямыз. Менің ойымша, бұл – саяси жағынан да, заңдық тұрғыдан да дұрыс қадам. Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді. Соның нәтижесінде Мәжілістегі депутаттардың жалпы саны азаяды. «Аз болса да, саз болғаны» жақсы. Мұндай өзгеріс түрлі этностық топтарға мандат беріп, олардың үні жоғарғы палатада естілуіне мүмкіндік жасайды. Жалпы, Сенаттың жоғарғы палата ретінде жұмыс істеуін дұрыс әрі орынды деп санаймын», – деді президент.
«Қайырымдылық жасау – негізгі жұмыс»
– Қоғамдық бірлестік ретінде жұмыс істеген соң біз ешкімді мәжбүрлей алмаймыз. Алайда, өз еркімен көмек қолын созғысы келетіндер көп. Біз оларды қуана қарсы аламыз. Әсіресе, коронавирус індеті өршіп тұрған кезде жеке кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар біздің орталық арқылы талай адамға көмектесті. «Біз біргеміз» акциясы аясында күндіз-түні үйіне бармай, алдыңғы шепте үздіксіз жұмыс істеген ақ халаттыларға азық-түлік себетін жеткіздік. «Өзбек мәдени орталығы», Қазақстан ұйғырлары этно-мәдени орталығының Алматыдағы филиалы, «Ильдаш» татар орталығы модулды ауруханаға 350 электронды термометр апарып берді.
Кешегі қаңтар оқиғасы кезінде де оқу орындары жатақханасынан шыға алмай қалған 400-дей шетелдік студентке ыстық тамақ апарып бердік. Демек, мәдени орталықтары жұрт ойлайтындай тек ән салып, би билеп жүрген жоқ. Негізгі жұмыстың бірі – қайырымдылық жасап, айналамызға жәрдем беру. Мұның бәрі көзге көріне бермейді.