Абай облысындағы жол апатынан зардап шеккен бала санавиациямен Семейге жеткізілді
Абай облысының Үржар ауданында болған жол апатынан жарақат алған үш баланың бірі санитарлық авиация арқылы аудандық ауруханадан Семей қаласындағы Медициналық университет госпиталының балалар бөлімшесіне жеткізілді. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Алматы, NEGE. Бала алған жарақаттарының ауырлығына байланысты бірден облыс орталығына жеткізу мүмкін болмаған. Дәрігерлердің тұрақты бақылауынан кейін ғана жағдайы авиажеткізуге жарамды деп танылып, Семейге көшіру шешімі қабылданған.
– «Алғашқы күннен бастап Семейдегі университет госпиталының мамандары – госпиталь директорының орынбасары, облыстың штаттан тыс бас анестезиологы Дулат Каримов және балалар травматологиясы бөлімінің меңгерушісі, облыстың штаттан тыс бас нейрохирургі Жасұлан Асетов – Үржар аудандық ауруханасында медициналық көмек көрсетіп, баланы Семейге дейін бірге жеткізді», – делінген басқарма хабарламасында.
Қазір Университет госпиталінде заманауи жабдықтардың көмегімен кешенді тексеру жүргізіліп, қажетті ем тағайындалды.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға Үржар ауданының Бестерек ауылында болған. Алдын ала деректерге сәйкес, 55 жастағы Toyota көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, үй қақпасының жанында тұрған балаларды қағып кеткен. Салдарынан екі бала санитарлық авиациямен Астанаға жеткізілді, тағы бірнешеуі зардап шекті. Қаза тапқан балалардың отбасына жерлеу рәсімін ұйымдастыруда, сондай-ақ психологиялық және материалдық көмек көрсетілетіні айтылды. Жүргізуші екі айға қамауға алынды.