23 августа 2025 г. 14:13

Абай облысындағы 3 баланың өлімі: Көлік жүргізушісі "эпилепсия" диагнозымен есепте тұрған

Фото: видеодан скрин

Абай облысында болған қайғылы жол апатынан кейін 55 жастағы жүргізушінің 10 жылдан астам уақыт бойы "эпилепсия" диагнозымен медициналық есепте тұрғаны белгілі болды. Қазір оның жүргізуші куәлігі уақытша тоқтатылды. Бұл туралы "Жетінші" арна хабарлады.

Алматы, NEGE. 19 тамыз күні Бестерек ауылында Toyota көлігін тізгіндеген ер адам жол жиегінен небәрі он метр қашықтықта, үйдің қақпасының алдында ойнап жүрген 6 баланы қағып кеткен. Оқиға салдарынан үш бала қаза тапты. Екеуі оқиға орнында, біреуі ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды. Тағы үш бала ауыр жарақат алды.

Екі бала санитарлық авиация арқылы Астана қаласына жеткізілді. Алты жасар ұл бала жедел шок жағдайында ауруханаға түскен. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандырып, бір күн бұрын жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырған. Тоғыз жасар қыздың жағдайы өте ауыр. Алайда дәрігерлер оның жағдайы сәл де болса жақсарғанын айтты. Үшінші жарақат алған қыз бала Үржар аудандық ауруханасында жергілікті дәрігерлердің бақылауында ем алып жатыр.

Тергеу барысында жүргізушінің 2013 жылдан бері эпилепсия диагнозымен медициналық есепте тұрғаны анықталған. Жол апатынан кейін полиция департаментінен Үржар аудандық сотына өтініш келіп түсті. Сот шешімімен жүргізушінің көлік басқару құқығы уақытша тоқтатылды.

Мұндай диагнозы бола тұра ер адамның жүргізуші куәлігін қалай алғаны және оны неге қайтарып алмағаны белгісіз. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Жол апатынан кейін күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Сараптама оның оқиға кезінде ішімдік ішпегенін растады. Қазір оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, екі айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Істі Ішкі істер министрлігі бақылауына алды.