Абай облысында жоғалып кеткен үш жасар баланы полицейлер ен даладан тапты
Абай облысы Ақсуат ауданында 8 сәуір күні таңертең аулада ойнап жүрген үш жасар бала жоғалып кетті.
Астана, NEGE. Туыстары сағат 11:00-де полицияға баланың жоғалып кеткенін хабарлап, іздеуге кіріскен.
Полицейлер әр минуттың маңызды екенін түсініп, айнала төңіректі мұқият тексеріп шықты.
Сағат 14:00 шамасында полиция қызметкері ен даладан жалғыз жүрген кішкентай баланы байқаған. Ол елді мекеннен үш шақырым жерге ұзап кеткен екен.
«Бірнеше сағатқа созылған уайым мен іздеу жұмыстарының нәтижесінде полицейлер үш жастағы баланы аман-есен тауып алды. Ең бастысы – бала дін аман.
Балақайды ата-анасына тапсырған сәтте жақындары көз жасына ерік беріп, полицейлерге шынайы алғысын білдірді», – делінген ІІМ хабарламасында.
Бұған дейін Қарағанда облысында 1 сәуір күні жоғалып кеткен жасөспірім дін-аман табылғанын жазған едік.