Абай облысында тереңдігі 15 метр болатын алтын карьері анықталып, 9 адам ұсталды

Қаржылық мониторинг агенттігі Жарма ауданында алтынды заңсыз өндіруді ұйымдастырған бір топ адамның әрекеті әшкереленгенін хабарлады. Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыстық топ Жаңғызтөбе кентінен 10 шақырым жерде тиісті рұқсатсыз алтын өндірген.

ҚМА/видеодан кадр

Астана, NEGE. Аумақты тексеру кезінде тереңдігі 15 метр болатын карьер анықталған. Күдіктілер, ҚМА ақпаратынша, құрамында алтыны бар кенді ашық әдіспен қазып алып, арнайы жабдықтардың көмегімен шайып отырған.

Заңсыз қазып алынған тау жыныстарының көлемі 12 мың текше метрден асқан. Сондай-ақ 4 мың шаршы метрден астам жердің құнарлы топырақ қабаты бүлінген.

«Жедел іздестіру шаралары барысында бұл іске қатысы бар тоғыз адам анықталды», – делінген ведомство хабарламасында.

Заңсыз кен өндірілген жерден кенді шаюға және ұсақтауға арналған жабдықтар, құрамында алтыны бар жеті қап материал, екі металл іздегіш құрал, екі тиегіш және бір экскаватор тәркіленді. Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.