1 марта 2022 г. 17:04

Абайдуллам Жапаров: Қазақ халқына алғысты күнде айтуымыз керек

Фото:

Елімізде 2016 жылдан бері Алғыс айту күні аталып өтеді. Яғни, бүгін халықтар достығын нығайтатын, ізгілікке үндейтін күн. Бұл мерекеде көбінесе басқа ұлт өкілдері қазақ халқына деген ыстық ықыласын білдіреді. Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, «Қазақстан Ұйғырларының республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Абайдуллам Мұхиддинұлы да қазақ халқына алғысын жеткізді.

– Бүгін Алғыс айту күні екен. Осы күні кімге алғыс айтар едіңіз?

– Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, «Қазақстан Ұйғырларының республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары және осы бірлестіктің Алматыдағы филиалының төрағасымын. Өз басым осы мерекені жақсы көремін. Неше жылдан бері атап өтіп келеміз. Бұл – Құдайдан берілген бір күн. Бір-бірімізге алғыс айту, мейірімділік көрсету жетіспей тұрғандай көрінетін.

Көктемнің алғашқы айы да келіп жетті. Таңертең жұмысқа келгенде тамаша күнді бір-бірімізге алғыс айтудан бастадық. Көңіліміз көтеріліп қалды. Бірінші алғысты Қазақстан мемлекетіне айтамыз. Екінші, бізді бауырына басқан қазақ халқына мың алғыс. Біз қазақтармен біртұтас халық болып өмір сүріп келеміз. Құда-жекжат, туған-туыс та болып кеттік. Қазақ халқымен бірге Жаңа Қазақстан құрып, елімізді көркейтсек деймін. Оған мемлекеттегі 130 ұлт пен ұлыс өкілдері атсалысуы тиіс. Айналамыздағы көрші мемлекеттерде не болып жатқанын көріп, біліп отырмыз. Сондықтан ауызбіршілікті нығайтуымыз керек.

Меніңше, осы күні ғана емес, қазақ халқы мен Қазақстан мемлекетіне алғысты күнде айтуымыз қажет. Одан ешкім кенде болмайды.

Тарихқа көз жүгіртсек, ұйғырлар Қазақстанға 100-200 жыл бұрын келген. Тарихта бірінші ұйғырлар ХIX ғасырдың ақырында 1871-1882 жылы Жетісу өлкесіне көшіп келген. Ұйғырлар диқаншылыққа жақын халық болған соң Ресей патшасының бұйрығымен осында көшеді. Негізі ұйғырлар Жібек жолының бойында бұрыннан тұрып келе жатқан. Ал көшіп келгендер Шелек ауданы, Ұйғыр ауданы, Жаркент, Талғар ауданына, Алматы қаласының айналасына келіп орналасқан. Тарихта «Біз қазақ еліне өзіміз келіп, осы жерде бауырлас халықпен біртұтас жасап келе жатқанымызға екі ғасырдай болды» деп айтқан.

Ұйғыр халқының республикалық этномәдени орталығының қызметі жөнінде айтып өтсеңіз.  

– Этномәдени орталықтың құрылғанына – 30 жыл. Ал Алматыдағы филиал 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Барлық этномәдени орталықтың жұмысы бірдей. Әр ұлт өзінің мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын насихаттайды. Бір қарағанда қазақ пен ұйғыр халқының дәстүрлерінде еш айырмашылық жоқ. Бәрі ұқсас.

Бір айтып кететіні, ұйғырлар мекендеген жерде жігітбасы деген болады. Ол әрбір ауылда бір үлкен кісіні сайлайды. Сол кісі көше, ауыл болсын соған басшылық жасайды. Той, өлім болса, сол кісі бәріне көмектеседі. Халыққа айтып, шақырады. Яғни, көпшіліктің басын біріктіреді. Мұндай басқа халықтарда кездеспейді, ұйғырларда көп таралған. Біздің халық жалпы егіншілікпен айналысады. Сол себептен де көп салтымыз жер және егінмен тікелей байланысты.

– Қазақтар мен ұйғырлар арасында кикілжің жиі болып тұрады. Бұл тұрғыда не айтасыз?

Жалпы, қазақ пен ұйғыр халқының арасында ұлт араздығы жоқ. Мұның бәрі – тұрмыстық кикілжің. Жастар төбелесіп қалса, бәзбір дұшпандар жеке басына соны пайдаланып кетеді. Яғни, ұлттың арасына от салып, тұрмыстық жайтты дабырайтып жібереді.

Шын мәнінде, қазақ пен ұйғыр бір-біріне ешқашан тас атпаған. Мысалы, отбасымда кімнің кім екенін білмейміз. Келінім – қазақ. Қарындасым қазаққа тұрмысқа шықты. Немерелерімнің жартысы – қазақ, жартысы – ұйғыр, жартысы – орыс.

Бізде ұлт туралы әңгіме айтылмайды. Сол сияқты әлгіндей оқиғаны қоғамға басқаша сипатта көрсету – дұшпанның әрекеті.

– Өз ұлтыңыздың өкілдерімен жиі кездесесіз бе? Мәселен, жастарды тезге салу мақсатында аудан, ауылды аралайсыздар ма?

– Әрине, бұл – біздің тікелей жұмыс. Тағы да қайталап айтайын, қазақ пен ұйғыр арасында ұлтаралық қақтығыс болған жоқ. Бұған ұйғырлар да сенбейді. Тіпті, солай көрсету үшін әдейі ұйымдастыратындар бар. Жұрт мұны да біледі.

– Осы ассамблея мүшелері «Бізде 130 ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады» дегенді жаттап алған. Шын мәнінде, көрсеткіш бұдан әлдеқайда аз дейтіндер бар. Сіз не дейсіз?

– Өз уақытында, Кеңес кезінде Қазақстанға бүкіл әлемнен халық жер аударылды. Олардың қатарында ұйғыр, шешен, неміс, ингуш, беларусь, украин, тағысын тағылар бар. Кейін құзырлы органдар «Қазақстанда 130 ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады» деген мәлімет айтты. Бірақ өзім есептеген жоқпын. Алайда, ассамблеяда қаншама ұлттар тіркелген. Нақты санын тексермедім.

– Біздің елімізде басқа ұлт өкілдері, соның ішінде ұйғыр халқы қалай тұрады?

– Қазақстан халқына, қазақтарға ерекше алғыс. Ұйғыр ұлтының өкілі ретінде айтарым, ұйғырларға өте жақсы жағдай жасалған. Бізде еш жерде жоқ екі театрымыз бар. Ұйғыр тілінде сабақ беретін 68 мектеп жұмыс істейді. Балаларымыз өз ана тілінде білім алады. Екі газетіміз шығады. Әртүрлі салада жарық көретін журналдар бар. Бізге одан артық не керек?!

– Әлгінде елдің іргесі мығым болу үшін ауызбірлікті сақтау керек дедіңіз. Ресей мен Украина арасындағы соғыс өрті жайында пікіріңіз қандай?

– Екі мемлекет те бізге жақын. Екінші дүниежүзілік соғыста бірге соғысып, елді қорғап қалдық. Бәріміз туыс-бауыр болып кеттік. Енді екі славян мемлекеті өзара жанжалдасып, соғыс өртінің шарпуына әкелді. Әрине, өкінішті. Неге осындай тығырыққа тірелді? Бұлардың да арасында дұшпан бар. Екі ел басшысы дипломатиялық жолмен шешу керек. Мұның зардабы қара халыққа тиіп жатыр. Бәрінен де тәуелсіздік қымбат. Бұл көрші мемлекеттерге, бізге де – сабақ. Көрші болған соң татулық қажет.

Тегтер: