Абай шығармалары норвег тіліне аударылды
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада норвегиялық ғалым, Ослодағы бейбітшілікті зерттеу институтының (PRIO) профессоры Осхильд Кулос қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Ол Абай Құнанбайұлының "Қара сөздерін" норвег тіліне аударуға атсалысып, сол кітаптың редакторы болған.
Осылайша қазақ аудиториясына тағы бір хакім Абайдың кітабын шығарып, оның шығармаларының дәріптелуіне үлес қосып жүрген шетелдік ғалыммен жүздесудің сәті туды.
Осхильд Кулос – философия ғылымдарының ғалымы ретінде ғана емес, сонымен бірге этносаясат, конфликтология мен егемендік туралы пікір айтып жүрген қауіпсіздік пен басқару технологиясының маманы. Сонымен қатар ол – «Sirkel Forlag» баспасының бас редакторы. Айта кетсек, дәл осы баспада Абай Құнанбайұлының «Қара сөздер» кітабы алғаш рет норвег тілінде жарық көрген. Одан бөлек норвегиялық ғалым осы басылымда Абай туралы өмірбаяндық шығармалар да жазған.
Дөңгелек үстел кезінде Осхильд Кулос қазақ руханиятының данасы Абай хакім ғана емес, әлеуметтік сыншы да болғанын, бірақ оны бірінші кезекте экзистенциалды мәселелер қызықтырғанын атап өтті.
–Абайдың «Қара сөздері» – әлемдік әдеби мұраның маңызды бөлігі. Оның шығармаларын норвег тіліне аудару – бұл Норвегиядағы Қазақстан туралы біліммен бөлісудің бірегей мүмкіндігі. Осылайша біз ұлы ойшылдың адам туралы, адам құндылықтары туралы көзқарастарымен толығымен таныса аламыз, – деген пікірін ортаға салды О.Кулос.
Ғалымның айтуынша, кітаптың алғашқы таныстырылымы қазақ ақынының мерейтойына орай Осло қаласындағы Әдебиетшілер үйінде өтіпті.
Дөңгелек үстел барысында Әділ Ахметов, Асан Омаров, Орынбай Жанайдаров сынды Қазақстанның ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, белгілі абайтанушылары өздерінің ғылыми ізденістері туралы баяндады. Сондай-ақ, академиялық кітапхананың кітапханашылары мен оқырмандары да норвегиялық ғалымға өз ойларымен бөлісті.
Аталған маңызды шара Ұлттық академиялық кітапхана мен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Норвегия Корольдігіндегі eлшілігімен бірлесе отырып ұйымдастырылды.