Абай Құнанбаевтың мерейтойына орай қандай жаңа нысандар салынады?
Primeminister.kz сайты.
Алматы, NEGE. 2019 жылғы сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Абайдың мерейтойын мерекелеудің ауқымды жоспарын әзірлеуді тапсырды. Мемлекет басшысы қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушының мерейтойын мерекелеу үшін құрылған комиссияға салтанатты іс-шараны тиісті деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.
Үкіметтің 2020 жылғы қаңтардағы кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Абайдың 175 жылдығын мерекелеу жөніндегі іс-шаралардың тәжірибелік маңызы зор және идеологиялық мәні болуы тиіс екенін атап өтті.
«Біздің іс-шарамыз тұлғаны ұлықтауға бағытталған. Тіпті демеушілік қаражат арқылы да көп концерттер ұйымдастырып, шетелдік әртістерді тартудың қажеті жоқ. Менің ойымша, бұл шаралардың бәрін іскерлік деңгейде өткізу керек», — деді Президент.
Ұлы Абай мерейтойының ресми ашылу рәсімі 2020 жылғы 21 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласында «Астана Опера» театрында өтті.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Абайдың 175 жылдығына дайындық барысын жеке бақылауға алды. Үкімет басшысы бірнеше рет Шығыс Қазақстан облысына барып, онда атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді.
Шығыс Қазақстан облысына соңғы сапары кезінде А. Мамин Абай атындағы алаңды, музей мен театрды реконструкциялау, Абай ауданының әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстарымен танысты.
Үкімет басшысы Абайдың 175 жылдығына жоспарланған Семейдегі және Абай ауданындағы тарихи-мәдени нысандарды жөндеу және жаңғырту жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
«Мерейтой мемлекеттік деңгейде аталып өтеді. Бұл шара Қазақстан халқы үшін үлкен идеологиялық және тарихи мәнге ие», — деді А. Мамин.
Сондай-ақ бүгінгі таңда «Абай – Шәкәрім» үй-жайларының аумағында ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 20 шілдеге дейін мемориалдық кешеннің батыс бөлігін абаттандыру мен көгалдандыруды (басты кіреберіс), инженерлік желілерді төсеу, кесенелер мен мешітті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау жоспарланған.
Сондай-ақ мұнда домбыра түріндегі Абай атындағы саябақ салынуда. Құрылыс өткен айда басталды. Жұмыстарды жүргізу кестесі әзірленді және учаскені жоспарлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде 300 ағаш отырғызылып, 1700 тонна тасты жер және 2100 тонна құнарлы топырақ әкелінді. Қоршаулар орнатылды, электрмен және сумен жабдықтау жүйесінің траншеясын әзірлеу жұмыстары аяқталды. Электр сымдары мен су құбырларын салу жұмыстары басталды. Сондай-ақ 1500 м су құбыры төселді. Парк құрылысына 30 бірлік техника мен 70 адам жұмылдырылды. Барлық жұмыстарды осы жылдың 10 шілдесіне дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар бүгінгі таңда «Қарауыл төбе» ипподромы мен Қарауыл ауылындағы «Дала сахнасы» жөнделіп жатыр.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда қонақтар үшін визит-орталық салынады.
Қарауыл ауылында 300 орындық орта мектептің құрылысы жоспардан жылдам жүргізіліп жатыр. «Азия» фирмасы» ЖШС техникалық директоры Серік Мамоновтың айтуынша, аталған жұмысқа 80-ге жуық адам тартылған.
Семейде Абай алаңын ауқымды түрде реконструкциялау жұмыстары қолға алынған, жақында толықтай жаңартылады.
Қала әкімдігінде жоба бойынша жиектастарды жаңарту, ойшылға арналған ескерткішті көркемдік жарықтандыру, сондай-ақ балалар мен спорт алаңдарын, автомобильдерге арналған тұрақ салу, фонтан қою көзделгенін атап өтті. Мердігерлер барлық жұмыстар шілде айына дейін аяқталатынына сендірді.
Ұлы ақынның құрметіне аталған театр да толық жаңартылады. Жөндеу жұмыстарына қаражат өткен жылдың қыркүйек айында бөлінді. Шатырдың жұмсақ жабынын, қасбетін жөндеу, баспалдақтарды жаңарту және аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Абай музейінде де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Музей аумағында ұлдарымен бірге тұрған ақынның жаңа ескерткіші орнатылады. Мұндай ескерткіш еш жерде жоқ. Абай алғаш рет өзінің ең жақын адамдарының ортасында бейнеленеді. Бұл жерде ол өз отбасын сүйетін адам кейпінде болады, және оның балаларының бейнесі — бүкіл қазақ халқын сипаттайды.