Нигерия азаматына тұрмысқа шыққан қыз өзі туралы айтып берді

30 жастағы Заида әп-сәтте елге танымал боп шыға келді.

Алматы, NEGE. 30 жастағы Заида Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласының тумасы. Жақында ол Нигерия азаматымен бас қосып, дүркіретіп ұзату тойын өткізді. Желіде ерекше жұптың тойдағы видео, фотосы таралып, талқыға түсті. Заида Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне жұбайымен танысу оқиғасын, нигериялықтар мен қазақтар мәдениетіндегі ұқсастықтар жайлы баяндап, жастарға кеңестерін айтты. 

Ұзату тойдан соң желіде өзі туралы ақпараттың таралуына Заида салғырт қарайды. 

“Қызық сезім. Бір жағынан адамдардың көбі жақсы пікірлерін, лебіздерін білдіріп жазып жатыр. Екінші жағынан, хейт те көп. Бірақ мен бұған салғырт қараймын, себебі әр адамның жеке пікірі болатынын түсінемін. 

Мені алаңдататыны ата-анам. Себебі олар да бұл ақпаратты оқып, көріп отыр, уайымдайды. Мәселен, анаммен сөйлескенімде, маған жазған хейттік сипаттағы пікірлердің барлығын оқып берді. Олар үлкен кісілер, хейтті түсіне бермейді”, – дейді Заида. 

Ол жұбайы, Нигерия азаматымен Атырауда, оқу орталығында танысқанын айтады. Заиданың өзі "Теңізшевройл" компаниясында вахталық әдіспен аудармашы ретінде жұмыс істейді.

“Жұбайым 33 жаста, біз екеуміз Атырауда таныстық. Оқу орталығында жүргенде дәлізде соқтығысып қалдық. Жұмысымнан бөлек уақытта оқу орталықтарында сабақ беремін. Ол да сол кезде жұмыс істеп жүрген. Бастапқыда тек сәлемдесіп, қал сұрасып қана жүрдік. Содан соң біраз уақыт өткеннен кейін орталық менеджері барлығымызды бір ортақ чатқа қосты. Ол да сол жерде бар екен, нөмірімді алып жекеме жазды. “Сәлем? Қалайсың?” деп жазған еді. Бұл үш жыл бұрын болатын.

Содан соң екі ай бойы телефонмен ғана сөйлесіп жүрдік, мен ашық адам емеспін, нәсілі, ұлты қандай адам болмасын араласып кетуім қиын. Содан соң кездесіп, қыз бен жігіт боп кездесе бастадық. Жеті-сегіз айдан соң ол маған ұсыныс жасады”, – дейді Заида.

Ол кішкентайынан ерекше қыз болған екен. Айтуынша, екі әпкесі де, өзі де ән айтады. Бұл ағылшын тілін үйренуге септігін тигізген. "Мектепті бітірген соң, Оралдағы университетке ағылшын тілі мұғалімі мамандығына оқуға түстім. Бітірген соң тіл орталығына, сосын "Теңізшевройл" компаниясына аудармашы болып орналастым. Төрт жыл болды. Содан қазіргі махаббатыммен таныстым" дейді ол 

Қазір оқып жатыр

«Жалақы төмен, талап көп»: Астанадағы Maxi Шай қызметкерлері шағымданды

Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымын әскери альянс ретінде сипаттайтындарға жауап берді

Нұрәлі Әлиев нағашы әжесі Сара Назарбаеваның ісін қолға алмақ

Қырғызстанда ММА шебері Медет Жээналиев қаза болды