20 августа 2020 г. 14:06

Швейцария қазақтары індетке қарсы күрескендерге стипендия бермек. Неге?

Фото:

Швейцарияда тұратын қандас дәрігер Серік Тұрсын бастаған бірнеше қазақ індет кезінде еліміздің тұрғындарына қол ұшын созып, оттегі концентраторын сатып алып жіберген еді. Ол туралы Nege.kz порталына берген сұхбатында кеңірек айтылған болатын. Енді жергілікті қазақтардан құралған BIRLIK қауымдастығы індетке қарсы күрескен азаматтарға стипендия тағайындамақшы. 

Яғни, 100 мың теңге көлеміндегі стипендия 45 адамға беріледі. Дәрігер Серік Тұрсынның айтуынша, стипендияға 18-35 жастағы медицина саласында істейтін дәрігерлер, еріктілер, тағы басқа көмектескен азаматтар үміткер бола алады. Ол үшін өтініш берсе жеткілікті.

«UNITED FOR HEALTH» стипендиялық бағдарламасы денсаулық сақтау саласында, атап айтқанда, COVID-19 пандемиясымен күресу және оның Қазақстан Республикасында алдын алуға қатысты академиялық, ғылыми, кәсіби, қоғамдық әрі волонтерлік (медицаналық емес мамандықтардан да бола алады) іс-әрекеттерді ынталандыруға бағытталады.

Бағдарлама мақсаты – Қазақстан Республикасындағы медициналық мамандық студенттері мен жас мамандар, сонымен қатар еріктілерді қолдау арқылы жоғарыда айтылған іс-әрекеттерді дамытуға жәрдемдесу. Бағдарлама қатысушылары видеоконференциялар арқылы бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасады, сонымен қоса Еуропадағы Қазақ Дәрігерлері Медициналық Қауымдастығының мүшелерімен дөңгелек үстел форматында онлайн кездесетін болады.

Бағдарламаға қатысу үшін үміткерлер номинациялануы қажет немесе өз бетімен өтініш тапсыруы керек. 18 бен 35 жас аралығында Қазақстан резиденті үміткер бола алады. Бір реттік атаулы стипендия мөлшері – 100 000 теңге және оны алушылардың шектеулі саны – 45 адам. Стипендия мүмкіндігінше ел облыстары мен аймақтарына біркелкі үлестірілетін болады.

Бағдарламаға үміткерді номинациялау үшін:

- Сілтеме бойынша онлайн-өтініш толтыру;

- Жазбаша ұсыным хат тіркеу;

- Растайтын құжаттарды, яғни мед. мекемеде қызметі туралы анықтама, жарияланымдар, белсенділік, волонтерлікті растайтын сілтемелерді тіркеу керек.

Өз бетімен өтініш тапсыру үшін:

- Сілтеме бойынша онлайн-өтініш толтыру;

- Үміткердің жеке куәлігінің көшірмесін тіркеу;

- «Пандемияның Қазақстандағы сын-қатерлерін жеңудегі менің үлесім» тақырыбына қазақ немесе орыс тілінде жазбаша үндеуді тіркеу (үндеу жеке немесе ұжымдық тәжірибеге негізделген жобалар мен бастамалардың идеяларын қамтуы тиіс);

- Сертификат, анықтама, жарияланым, ұсыным хат секілді қосымша құжаттар және әлеуметтік белсенділік пен волонтерлікті растайтын сілтемелерді тіркеу керек.

Өтініш/номинациялар 2020 жылдың 31 тамызына дейін қабылданады. Бағдарлама нәтижесі мен қатысушыларға арналған алдағы іс-шаралар туралы қыркүйек айында хабарланады. Бағдарлама Швейцариядағы қазақстандықтардың BIRLIK қауымдастығының бастамасы болып табылады және қаржыландыруы бойынша өткізіледі. Сұрақтар бойынша birlikswiss@gmail.com эл. поштаға хабарласуға болады. Егер сіз осы талаптарға сай болсаңыз, швейцариялық қандастар тағайындаған стипендияға ие бола аласыз. 

Жалпы, коронавирус індеті еліміздің есігін қағып, алқымнан қыса бастағанда көбінесе шетте жүрген қандастар жайбарақат қалған жоқ. Әсіресе, медицинадан хабары бар білікті мамандар емделудің жолын айтып, ақыл-кеңестерін аямады.

«Қайда жүрсек те, жанымыз Қазақстан халқымен бірге. Елдегі болып жатқан кез келген жағдайға бейжай қарай алмаймыз. Сол себептен мұндағы қазақтар ақша жинап, оттегі концентраторын сатып алып, ұшақтан беріп жіберіп жатты. Мұның өзі тамшыдай болса көмек шығар деген ойдамыз. Біз мына індеттің беті қайта ма, жоқ па, соған алаңдаулымыз» дейді дәрігер Серік Тұрсын. Оның айтуынша, Қазақстанда бұл індетті тоқтату үшін қарапайым үш шартты орындау керек. «Біріншіден, маска тағып жүру. Екіншіден, халық 1,5-2 метр арақашықтықты сақтауы қажет. Үшінші әр адам гигиенаны сақтауы керек, қолды дезинфекциялап, сабынмен жиі жууы тиіс. Егер Қазақстандағы бүкіл халық осы үш әрекетті берік сақтайтын болса, індетті жеңуге болады», – дейді ол.

Швейцарияда қазақ қауымдастығы бұрыннан бар. Қауымдастықтың атауы – «Керуен». «Биылғы жылы қауымдастықтың басшылық қызметіне жастарды сайладық және барлық ұйымдастыру жұмыстарын жаңа буын жастардың қолына бердік. Олар: Руслан, Сәуле, Нұргүл есімді іні-қарындастарымыз. Барлығы отбасылы, бала-шағасы бар, осында әр салада қызмет атқарады. Қазақ қауымдастығы Швейцариядағы Қазақстан елшілігімен тығыз жұмыс істейді. Арасында онлайн конференция-жиындар өткізіліп тұрады», – деп жалғады пікірін дәрігер.

Қазіргі уақытта қауымдастық атажұртқа гуманитарлық көмек жіберуді қолға алған. «Швейцариядағы қазақтар атынан қаражаттың басын біріктіріп, жинадық. Алғашқы көмегімізді Түркиядағы бауырларымызға қосып, жібердік. Енді қалған қомақты бөлігін жіберуді күнделікті қауымдастық басшыларымен талқылаудамыз. Елші мырзамен байлынысқа шықтық, бізге көмек көрсетілетінін жеткізді. Бұйырса, алдағы уақытта Қазақстанға Швейцария қазақтарының атынан гуманитарлық көмек жеткізіледі», – деген дәрігер Серік Тұрсын Қазақстан халқына жәрдемдесу мәселесін ұйымдастырып жатқанын да айтты. 

Тегтер: