Үндістаннан 1,6 миллион қаптамадағы вирусқа қарсы препараттар жеткізілді
Алматыға Үндістаннан 1,6 миллион қаптамадағы ковидке қарсы препараттар жеткізілді, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Алматы, NEGE. «Бүгін Алматыға Делиден 34 тонна немесе 1,6 миллион қаптамадағы ковидке қарсы препараттар жеткізілді, олар Алматы әкімдігінің дәрі-дәрмектердің тұрақтылық қорын құруға бөлген қаржы есебінен сатып алынды. (…) Бүгін жеткізілген дәрі-дәрмектер партиясында антикоагулянат, энаксопарин, гепарин; антибактериалды - офлоксацин; қабынуға қарсы препараттар - преднизалон, дексаметазон; антибиотиктер – цефтриаксон, меропенем; қызуды түсіретін - парацетамол; вирусқа қарсы препарат - осельтамивир бар», - делінген сәрсенбіде таратылған хабарда.
Алматы әкімдігінің қаланы дәрі-дәрмек препараттарымен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаевтың айтуынша, «өткен жұмадан бастап дәрі-дәрмектерге деген сұраныстың төмендегені, ұзақ кезектің азайғаны байқалады». «Жалпы, жағдай оңалуда. Тұрақтылық қоры арқылы дәріханаларға препараттарды жеткізумен қатар, біз ковидті госпитальдерді дәрі-дәрмектермен жедел қамтамасыз ету үшін резервтік қорды жасаудамыз. Дәрі-дәрмектердің жартыжылдық қоры фармкомпаниялардың қоймаларында сақталады, қажет болған кезде бұл препараттар стационарларға бөлінеді», - деді әкімдік үйлестірушісі. Оның келтірген мәліметтері бойынша, Алматыға 23 шілдеде Түркиядан «Клексан» препараты жеткізіледі. Жеткізуші бұл препараттың шамамен 40 мың бірлігін әкелетін болады. 31 шілдеге дейін қосымша тағы 150 мың бірліктегі клексан жеткізу жоспарланған. Жалпы, алдағы аптада антикогулянттың шамамен 300 мыңға жуық бірлігі тасымалданады деп күтілуде. «Бұл – қалаға 10 шілдеден бастап қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізген жетінші рейс. Ағымдағы айдың соңына дейін тағы екі рейс келеді деп күтілуде. Қалаға жеткізілген дәрі-дәрмектердің жалпы көлемі шамамен 7,5 млн қаптама. Кедендік рәсімдеуден соң препараттар қала дәріханаларына бөлінетін болады», - делінген хабарда. Әкімдік еске салғандай, маусым айының соңында орын алған дәрі-дәрмектер тапшылығын жою мақсатында Алматы әкімі Б. Сағынтаевтың шешімі бойынша ковидке қарсы препараттарды көтерме сатып алу үшін пайызсыз қаржыландыруға 5 млрд теңге бөлінген еді. «Бұдан өзге, ковидті стационарларды дәрі-дәрмек препараттарымен қамтамасыз ету мақсатында резервтік қор құру үшін тағы 5 млрд теңге бөлінді», - делінген хабарда.