Академия және Абай
Қайнар академиясы студенттерге сапалы білім беруді мақсат тұтқан оқу ордасы бүгінгі қашықтан оқыту жүйесін лезде меңгергендер қатарында.
Алматы, NEGE. «Абай мұрасы әлемдік руханият кеңістігінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны «Тілдер және журналистика» кафедрасы және кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлнәр Мұхаметкалиева ұйымдастырды. Онлайн конференцияны академия ректоры, профессор Еренғайып Омаров ашып, бүгінде ғұлама Абайдың терең зерттеліп жатқан шығармашылығына тоқталып өтті. Ұлы ақын, философ Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған конференцияда Түркия, Нидерланд, Польша, Франция елдерінен шетелдік ғалымдар қатысып, қазақтың бас ақыны шет мемлекетте қалай дәріптеліп жатқанын айтты.
«Фырат» университетінің профессоры, ф.ғ.докторы Ерджан Алкая Түркияда жарияланған Абай еңбектерімен таныстырды. Стамбул қаласында «Зейтун Бурна» ауданында қазақтар тұратынын, онда Абай атындағы көше және сол көше бойында Абай мектебі бар екенін айтқанда, қазақтың мақтанышына туған ұлы бабамыз үшін көкіректі керемет қуаныш тербегені анық.
Польшадан, Варшава университеті, саяси ғылымдар және халықаралық қатынастар факультетінің докторанты Жандос Каринбаев қазақ және поляк зиялыларын зерттеп жүргенін тілге тиек етті. 2019 жылы Абайдың қара сөздері поляк тілінде жарыққа шыққанын айтып өтті. Сондай-ақ, бүгінде Нидерландыда қызмет ететін Мұхтар Әуезовтың ұрпағы Зифа Мұратқызы Абай өлеңдерін насихаттауда қыруар еңбек етіп жатқанын білдік. Асылдың сынығы З. Әуезова Абай голланд тіліне де аударылғанын, ал өзі ғұламаның 15 әнін ағылшын тіліне аударғанын айтты. Оған қоса, Лондонда данамыз туралы кітаптар аз еместігін жеткізді.
М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, әдебиет зерттеушісі Серікқазы Қорабай ақын туралы дүйім жұртшылық біле бермейтін құнды жаңа ақпараттармен сусындатты. 80 жылдық тарихы бар «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Тұрдықұл Шаңбай қазақтың бас ақыны туған өлкеде ғылыми танымдық орталықтарын дамыту, бірнеше ғылыми еңбектер мен Жидебай атласы дайындалып жатқанын, бұған қоса шығыс өңірінде ауқымды құрылыс жұмыстары да қарқынды жұмыс жасап жатқанынан хабардар етті. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Айжан Қартаева, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев «Абай әлемі» жөнінде мазмұнды баяндамалар жасады.
Әлем мойындаған адамзаттың ақыны, ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасын дәріптеу, бүкіләлемдік қазынаға қосылған алтын қор – Абайдың асыл мұрасын насихаттау онлайн конференцияның басты мақсаты болса, ол орындалды деуге әбден болады. Үш сағатқа созылған зум-конференция мазмұнды ойлар ортаға тасталынып, алдағы жоспар талқыланды.
Үстіміздегі жылы 175 жылдық мерейтойы болғалы отырған Абай Құнанбайұлына арналға халықаралық онлайн конференцияның бергенінен берері мол болды. Алдағы уақытта білім алушылар Абайдың мұрасын әлі де зерделей түспек.
Арай Жұмашқызы, журналист