86 млн теңгелік автошеру: «ҚазТрансГаздың» бұрынғы басшысы Санжар Боқаевтың рөлі туралы айтты
Алматыда Санжар Боқаевқа қатысты қылмыстық істі қарау жалғасып жатыр. «ҚазТрансГаз» компаниясының бұрынғы бас директоры Рустам Сүлейменов пен баспасөз қызметінің бұрынғы жетекшісі Бексұлтан Құрманқұлов куәгер ретінде жауап берді.
Астана, NEGE. 29 қазанда өткен сот отырысында «ҚазТрансГаз» компаниясының бұрынғы басшылары 2018 жылы ұйымдастырылған автошеруге бөлінген 86 млн теңгенің қалай жұмсалғаны туралы жауап берді. Тергеу мәліметінше, осы қаражаттың 42 млн теңгесі жымқырылған болуы мүмкін.
Автошеруді ұйымдастыруға кім жауапты болған?
2015 жылдың соңынан 2020 жылға дейін «ҚазТрансГазды» басқарған Рустам Сүлейменовтің айтуынша, автошеру өткізу туралы тапсырма бас компания – «ҚазМұнайГаздан» түскен.
Алайда «ҚазТрансГаздың» бюджетінде мұндай шараға қаржы қарастырылмағандықтан, шығынды кәсіподақ қаражаты есебінен жабу туралы шешім қабылданған.
Сүлейменов автошеруді ұйымдастыру жұмысын сол кезде компания басшысының қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі болған Санжар Боқаев қадағалағанын айтты.
Бұрынғы бас директордың сөзінше, ол мердігерлермен жасалған келісімшарттарды, шығындар сметасын және кәсіподақ комитетінің құжаттарын тексермеген.
Сүлейменов автошерудің өткенін кейін ұсынылған фото және бейнематериалдар арқылы білген. Ол іс-шараның ұйымдастырылуына қатысты шағым болмағанын, сондай-ақ Боқаевтың жұмысына ешқашан наразылық білдірмегенін айтты.
Рустам Сүлейменов Санжар Боқаевты бас директордың кеңесшісі қызметіне өзі тағайындамағанын айтты. Сондай-ақ оның жұмысқа қалай қабылданғанын есіне түсіре алмаған.
Сотта айтылған мәліметке сәйкес, Боқаев 2015 жылғы 30 қазанда компания басшысының кеңесшісі қызметіне кіріскен. Ол кезде «ҚазТрансГазды» Қайрат Шәріпбаев басқарған.
86 млн теңгенің қалай бөлінгені талқыланды
Сотта автошеруді ұйымдастыруға тартылған екі компания – «We Can» және «BM Trust» туралы да сөз болды.
Рустам Сүлейменов бұл компаниялардың басшыларымен таныс емес екенін айтты. «We Can» компаниясын Жұлдыз Артықбаева, ал «BM Trust» компаниясын Санжар Боқаевтың жиені Мадияр Қалменов басқарған.
Бұған дейін сотта жауап берген кәсіподақтың бұрынғы төрайымы Зәуреш Маханова екі компанияны тартуды Боқаев ұсынғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, Қалменов қол қою үшін сомалары алдын ала көрсетілген келісімшарттарды әкеліп отырған.
29 қазандағы отырыста қорғаушылар 2018 жылғы 6 тамызда кәсіподақ төрайымына жолданған хатты ұсынды. Құжатқа бас директордың міндетін атқарушы Құрманәлиев қол қойған. Хатқа автошеруге арналған 86 млн теңгенің шығындар сметасы тіркелген.
Бұрынғы баспасөз қызметінің жетекшісі Бексұлтан Құрманқұлов сметаны нақты кім дайындағанын білмейтінін айтты.
Тергеу 42 млн теңге жымқырылған деп есептейді
Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, 2018 жылғы автошеруді ұйымдастыру кезінде қызметтердің құны әдейі өсірілген.
Тергеу мәліметінше, іс-шараға бөлінген 86,8 млн теңгенің 38,9 млн теңгесі «We Can» компаниясына, ал 47,9 млн теңгесі «BM Trust» компаниясына аударылған.
Прокуратура Санжар Боқаев пен оның жиені Мадияр Қалменов осы келісімшарттар арқылы 42 млн теңгеден астам қаржыны жымқырды деп есептейді.
Айыптау тарапының мәліметінше, кейін бұл ақша Астанадағы жиһаз цехына жұмсалып, заңды кәсіпкерлік табыс ретінде көрсетілген.
Санжар Боқаев тағылған айыптарды мойындамайды. Боқаевқа алаяқтық жасау, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру, ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату баптары бойынша айып тағылған.
Онымен бірге сот алдында жиені Мадияр Қалменов пен бейнеоператор Ұлан Нүсіпқожа жауап беріп жатыр.
Қылмыстық істі қарау жалғасып жатыр.