84 медаль: Қазақстан Азиадада сегізінші орын алды
Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медаль жеңіп алды. Барлығы – 84 жүлде. Осы нәтижемен ел құрамасы 46 мемлекеттің арасында сегізінші орынға шықты, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігі.
Астана, NEGE. 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында Қазақстан 11-орында қалған еді. Биыл құрама үш саты жоғары көтеріліп, алтын медаль санын да көбейтті.
Бұл жолғы Азиадада қазақстандық спортшылар бірнеше спорт түрінен бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті.
Бокстан Қазақстан құрамасы 12 жылдан кейін Азия ойындарының алтынын қайта иеленді. Бұған дейін отандық боксшылар Азиадада соңғы рет 2014 жылы жеңіске жеткен.
Жапонияда 70 келіге дейінгі салмақта Төрехан Сабырхан, ал 90 келіден жоғары салмақта құрама капитаны Айбек Оралбай топ жарды.
Шпагамен семсерлесуден ерлер құрамасы Қазақстан тарихында алғаш рет Азиада чемпионы атанды.
Финалда қазақстандықтар Оңтүстік Кореяны 43:42 есебімен жеңді. Қарсылас сапында Рио-2016 Олимпиадасының жекелей сайыс чемпионы Пак Сан Ён да болды.
Қазақстан семсерлесушілері биыл үш ірі жарыста қатарынан жеңіске жетті: алдымен Азия чемпионатын ұтты, кейін алғаш рет әлем чемпионы атанды, енді Азиада алтынын алды.
Академиялық есуден Владислав Яковлев пен Иван Чернухин Қазақстанға осы спорт түрінен Азия ойындарындағы тұңғыш алтынды әкелді.
Таеквондодан Тамирлан Тілеулес 58 келіге дейінгі салмақта жеңіске жетті.
Бұл – Қазақстанның таеквондодан Азия ойындарында алған алғашқы алтын медалі.
Велоспортта Алексей Луценко Азиададағы алтын медальдарының санын алтыға жеткізді. Ол жазғы Азия ойындарында ең көп алтын алған қазақстандық спортшы атанды.
Ал Рината Сұлтанова жекелей жарыста жеңіске жетіп, Қазақстан әйелдер велоспорты тарихында Азиада чемпионы атанған алғашқы спортшы болды.
Каратэден Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева алтын медаль алды. Берульцева Азия ойындарында екінші рет чемпион атанып отыр.
Азия ойындарының бағдарламасына биыл алғаш рет енген аралас жекпе-жекте Еркінғали Бүркітәлі мен Қадырбек Шынбаев чемпион атанды. Санжар Әділов қола медаль жеңіп алды.
Дзюдодан Қазақстан құрамасы алғаш рет жекелей сында төрт бірдей финалға шықты. Елдос Сметов, Әбиба Әбужақынова, Әділет Алмат және Ажар Асхат күміс жүлде алды. Аралас командалық сайыста да Қазақстан екінші орын иеленді. Қазақстандықтар шыққан бес финалдың бәрінде қарсы тарапта Жапония спортшылары болды.
Спорттық гимнастикадан Милад Карими еркін жаттығуда күміс медаль алды. Қазақстан бұл сайыста 32 жылдан кейін қайтадан Азиада жүлдесіне қол жеткізді.
Күрестен де жүлде саны артты. Еркін күрес шеберлері үш қола медаль алды. 2023 жылғы Азия ойындарында Қазақстан бұл күрес түрінен жүлдесіз қалған еді.
Әйелдер күресінен биыл бір күміс және екі қола медаль бұйырды. Ал Ханчжоудағы Азиадада қазақстандық балуандар бір ғана күміс алған.
Азия ойындары басталар алдында спорт федерациялары ұлттық құрамалардың нәтижесіне қатысты міндеттеме алған. Енді Туризм және спорт министрлігі сол міндеттемелердің қаншалық орындалғанын саралайды. Нәтиже көңіл көншітпеген спорт түрлері бойынша дайындық жүйесіне өзгеріс енгізілуі мүмкін.