«77 адамға 1,8 млрд теңге шығын келтірген»: күдікті Қырғызстаннан жеткізілді

Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қырғызстаннан «ірі көлемде ақша жымқырды» деп күдікке ілінген қазақстандық экстрадицияланды.

Видеодан кадр/Бас прокуратура

Астана, NEGE. Қадағалау органның мәліметінше, 2022-2024 жылдар аралығында Қазақстанның үш азаматы ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, несие рәсімдеу схемасын әзірлеген. Заңсыз әрекеттер салдарынан екі қаржы ұйымы мен 77 жәбірленушіге жалпы сомасы 1,8 миллиард теңгеден астам материалдық шығын келген.

Олар қылмыстық схеманы іске асыру үшін жәбірленушілерді банктен несие алып, автокөлік сатып алуға көндірген. Кейін ол көліктерді сатып, түскен ақшаны күдіктілер өз қажеттіліктеріне жұмсаған.

Бұдан бөлек қылмыстық топ мүшелері жоқ автокөліктерге несие рәсімдегені анықталған. Ол үшін жоқ көліктер Алматы қаласының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында Қырғыз Республикасынан әкелінгендей заңсыз тіркелген. Осыдан кейін үшінші тұлғалардың атына екінші деңгейлі банктерден несие рәсімделіп, әлгі көліктер «сатылған». Осы тәсілмен алынған қаражатты да сыбайластар жеке мақсатына пайдаланған.

Қылмыстық топтың екі мүшесіне қатысты тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданған. Ал үшінші күдіктіге іздеу жарияланған.

«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ол Қырғыз Республикасының аумағында анықталып, ұсталды. Кейін Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды», – делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Күдікті тергеу изоляторына қамалды. Ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.