«75-тің хаты»: Қырғызстанда Қамшыбек Ташиевке шыққан үкім өзгертілді

Бішкек қалалық соты «75-тің хаты» деп аталып кеткен іс бойынша Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиев пен басқа да жеті адамға шығарылған үкімді өзгертті.

kabar.kg

Астана, NEGE. Адвокат Латыпбек Нұралимовтің  24.kg – ке хабарлауынша, айыптау актісінен Қырғызстан Қылмыстық кодексінің 326-бабы (Билікті күшпен басып алу) алынып тасталып, іс 195-бап – «Сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіру» бабы бойынша қайта сараланған.

«Барлық айыпталушы төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Оларға екі жылға пробациялық бақылау қолданылды», – деп хабарлады адвокат.

Қырғызстан Қылмыстық кодексінің бұл бабында мүлікті тәркілеу қарастырылмаған. Ал бұған дейін шығарылған аудандық соттың үкімінде мүлікті тәркілеу жазасы қарастырылған еді.

Еске салсақ, шілдеде Бішкектің Бірінші май аудандық соты Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиевті қоса алғанда сегіз айыпталушыны «Билікті күшпен басып алу» бабы бойынша кінәлі деп таныған болатын. Оларға мүлкін тәркілей отырып, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілген еді. Алайда бұл жаза үш жылдық пробациялық бақылаумен алмастырылған болатын. Сондықтан сотталғандар жазасын колонияда өтемейді.