13 июля 2020 г. 19:09

7,4 миллион дана масканың жыры

Алматыда 11 шілде күні тапшы дәрі-дәрмекті тығып сатқан аурухана дәрігерінің орынбасары ұсталды. Тінту кезінде одан дәрі сатуден түскен 1 млн теңгеден астам ақша табылды.

Алматы, NEGE. Ел дәріхана кезіп, керегін таппай жүргенде ақ халатты абзал жан кәсіп жасағанды дұрыс көріпті. Мұндайлардың нақты саны жоқ, десе де пандемияны пайдаланып дәрі егудің өзін пайда көзіне айналдырғандар шаш етектен. Тіпті, медициналық масканы миллиондап қолға ұстап, үстеме ақымен сатып жүргендер де көп.

12 шілдеде қала маңындағы бір қоймадан 7 миллионнан астам медициналық маска тәркіленді. Бұл жайында алғашқылардың бірі болып Андрей Андреев хабарлады. Әрине бұл жазба қоғамдық дүмпу туғызбаса да 7 миллион масканың жайын естіген жұртты бір сілкінтті. Бірнеше сағатта жазбаны 200 адам бөлісіп, 300 ден астам пікір жазылды. НеМолчи қозғалысының негізін салушы Дина Смаилова төтенше жағдайда орасан пайда көріп қалғысы келгендерге ауыр жаза қолдану керегін айтты.

Алматы қаласы бойынша сыбайлық жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті арнайы тобының жедел әрекетімен Шаңырақ ықшам ауданында алғашында 1 млн маска және 3 азамат құрықталған. Одан әрмен қарай тергеу кезінде тағы 6 млн 400 мың масканың Алматы облысы Байсерке ауылында сақталғаны анықталды. Андрей Андреев операцияда болып, оқиғаны дәлелдейтін бірнеше фото мен бейнені желіге жүктеді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті тынымсыз жұмыс істеп жатыр, егер сіз заңсыз дәрі-дәрмек не медициналық жабдықтар саудасымен айналысып жатқандар туралы ақпар білсеңіз жедел құзырлы мекемеге хабар беріңіз» деп жазады Андреев.

Мәселенің бір қызығы Андреевтың постына пікір қалдырғандардың басым бөлігі бұл маскалардың қайдан келгенін сұрап әлек. «Ұрлап алған ба? Тым қымбат сатып жатырған шығар? Бұл сырттан келген гуманитирлық көмек емес пе?» деген сыңайлы сауал байқадық. Жұртшылықтың бір бөлігіне бұл маскалардың қайда кететіні қызық болған. Андреев оған «менімше ауруханаларға таратады» деп жауап жазыпты.

Анық-қанығын білмек ниетте біз де Алматы қаласы бойынша сыбайлық жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне хабарластық. Сенім телефонын көтерген азамат осы істің басы-қасында жүрген Елнар Игіліковке хабарласуымызды сұрады. «Сыбайлық жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жедел-іздестіру шарасы арқылы заңсыз айналымға түскелі тұрған жалпы құны 27 млн теңге болатын 1 000 000 медициналық маска мен бірнеше азаматты ҚР Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша ұстады. Кейіннен негізгі қойма анықталып, ол жерден тағы 6 млн 400 мың дана маска анықталды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр» деді Е.Игіліков.

Демек, желі қолданушылары мен белсенді топқа аз-кем әліптің артын баға тұру керек сыңайлы... Nege.kz порталы бұл істі әлі бақылауда ұстайды. 

Тегтер: