700 метр тереңдіктегі кездесу: «Әділет» партиясының өкілдері шахтерлармен не талқылады?

«Әділет» партиясы өкілдерінің Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында келесі тоқтаған жері – Костенко атындағы шахта болды. Партия төрағасы Айбек Дәдебай бастаған Құрылтай депутаттығына кандидаттар 700 метр тереңдікте жұмыс істеп тұрған көмір шахтасына түсіп, елімізде көмір қандай жағдайда өндірілетінін өз көздерімен көрді.

«Әділет» партиясының баспасөз қызметі

Кездесу басталар алдында партия өкілдері шахтаның өндірістік аумағын аралап көрді. Ал 700 метр тереңдікте, кеншілер күн сайын ең күрделі әрі қауіпті жұмыстардың бірін атқаратын жерде еңбек қауіпсіздігі, кәсіпорындарды жаңғырту, цифрлық технологияларды енгізу және отандық өнеркәсіптің болашағы туралы ашық әңгіме өрбіді.

Qarmet көмір департаментінің директоры Жақан Мұхамеджанов ұжым үшін өндіріс орнына арнайы келіп, күн сайын шахтада еңбек ететін адамдармен нақты мәселелерді тікелей талқылауға дайын азаматтардың болуы маңызды екенін атап өтті.

«Бізбен тікелей тілдесіп, жағдайымыз қандай күйде екенін өз көздеріңізбен көру үшін арнайы келгендеріңізге рақмет», – деді ол.

«Әділет» партиясының баспасөз қызметі

Айбек Дәдебай Костенко атындағы шахтаға бару туралы шешім партия үшін кездейсоқ қабылданбағанын атап өтті.

«Бұл жұмыстың қаншалықты ауыр екенін көп естідік. Сондықтан бәрін өз көзімізбен көріп, ең бастысы, сіздермен жүздесіп, көкейлеріңіздегі сұрақтар мен ұсыныстарды тыңдауды жөн көрдік», – деді партия төрағасы.

Ал кездесудің өзі мазмұнды өтті. Кеншілер еңбек қауіпсіздігі, кәсіпорындарды цифрлық трансформациялау, инженерлік кадрларды даярлау және қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктері мәселелерін алға тартты.

«Әділет» партиясының баспасөз қызметі

Костенко атындағы шахтаның желдету және қауіпсіздік техникасы аумағы бастығының орынбасары Жұлдызбек Қойшыбай кәсіпорын өндірістік қуатын кезең-кезеңімен арттырып жатқанын айтты. Оның сөзінше, ендігі даму бағыты өндірісті жаңғырту, еңбек қауіпсіздігі мәдениетін нығайту және заманауи еңбек жағдайларын жасаумен қатар жүруге тиіс.

Жерасты электр слесарі Иван Зайцевтің айтуынша, «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасындағы көптеген бастама оған жақын. Өйткені бағдарлама өзегі адами құндылыққа негізделген. Онда еңбек қауіпсіздігіне, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуына және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінген.

«Әділет» партиясының баспасөз қызметі

«Қорғау» көміршілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев та кездесу форматына оң бағасын берді.

«Біз үшін партия өкілдерінің бүгін қандай жағдайда еңбек етіп жатқанымызды өз көздерімен көріп, даму болашағын бірге талқылауға мүмкіндік тапқаны маңызды жайт. Еңбек адамы мемлекеттік саясаттың басты назарында қалуы керек. Біз бұл қағидаттың партияның сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқанын көріп отырмыз», – деді Евгений Буслаев.

Qarmet компаниясының бас директоры Вадим Басин өнеркәсіп саласының өкілдері сайлауалды бағдарламаны әзірлеуге тікелей қатысқанын айтты.

«Бұл өте мазмұнды әңгіме болды. Кәсіпорындар көтерген көптеген мәселе бағдарламада қамтылып, тіпті одан арғы шешім жолдары мен мемлекеттік қолдау шараларына дейін қарастырылған. Біз үшін металлургия өнеркәсібінің қалай дамитынын және отандық кәсіпорындарға қатысты мемлекеттік саясаттың қандай болатынын түсіну өте маңызды», – деді Вадим Басин.

Партияның сайлауалды бағдарламасы ұзақ уақыт бойы сарапшылармен және түрлі сала өкілдерімен бірлесіп әзірленгенін айта кетейік. Құжатты дайындар алдында партия өндіріс қызметкерлерімен, инженерлермен, дәрігерлермен, педагогтермен, кәсіпкерлермен және өңір тұрғындарымен ондаған кездесу өткізді.

«Әділет» партиясының баспасөз қызметі

Партияның өңірлік сапары әлі де жалғасады. Ел өңірлеріндегі кездесулер барысында айтылған барлық ұсыныс жан-жақты сараланып, партия өз жоспарын жүзеге асыру барысында ескерілмек.

Дайындаған:

«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.

«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.

Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.