65 оқушы «Абай оқулары» республикалық байқауының жүлдегері атанды
8–11 сынып оқушылары арасында өткен XXVI республикалық «Абай оқулары» шығармашылық байқауы өз мәресіне жетті. Биылғы байқау халықаралық деңгейге көтеріліп, ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
АЛМАТЫ, NEGE. Министрлік мәліметінше, байқау бес номинация бойынша ұйымдастырылып, алғашқы кезеңге еліміздің түкпір-түкпірінен 1300-ден астам оқушы қатысқан. Солардың ішінен 112 үміткер ақтық кезеңге жолдама алды, олардың 39-ы ауыл мектептерінің оқушылары. Сонымен қатар байқауға Алтай өлкесі, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай және Түрікменстаннан 20 халықаралық қатысушы қатысқан.
Байқау қорытындысы бойынша 65 оқушы жүлдегер атанды:
I дәрежелі диплом мен алтын медаль – 15 оқушыға;
II дәрежелі диплом – 20 оқушыға;
III дәрежелі диплом – 30 оқушыға табысталды.
Сонымен қатар, 20 оқушы Құрмет грамотасына ие болса, барлық қатысушыларға арнайы сертификаттарберілді.
Халықаралық қатысушылар арасында да үздіктер анықталып, арнайы сыйлықтар табысталды:
Бүркітбаев Саяқ – Өзбекстан
Байдөлетова Айнұр – Түрікменстан
Айдос Нұрмағанбет – Моңғолия
Үсенбаева Арайлым – Өзбекстан
Ал Маңғыстау облысынан қатысқан Айберікұлы Алмаз «Абай» журналының арнайы жүлдесін жеңіп алды.
Аталған байқауды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен Абай облысының білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырған.